Ел қорғаған, қол бастаған батырларын, ақылы дария, сөз көсемі қарт­та­рын қадірлеу – қазақтың қанына әлімсақтан сіңген қасиет. Өйткені қа­зақ халқы шарық тастай шыр айналған дүниенің небір шырғалаңынан батыр­лары мен данагөйлерінің арқасында аман шығып отырды. Ал батылдық пен ақылдылық сияқты қос кие де ардагерлердің бойында тоғысады.
Майдангерге мың тағзым!
6
717
оқылды

Сон­дықтан еліміз оларды жеке құндылықтай қастерлеп, барша қошеметке бөлеп ке­ле жатыр. Заман қанша құбылса да, неше жерден идеология өзгерсе де, 9 ма­мыр – сапы сиреп, санаулысы қалған Екінші Дүниежүзілік соғыс арда­гер­лері­нің көңілін бір серпілтетін, бүкіл қазақстандықты соларға тағзым еткізетін сый­лы мерекеге айналды. 

Қазақстанда қанша ардагер қалды?

Бұл сұраққа нақты жауап беру үшін бір мәселенің байыбына барған жөн. Ел Парламентінде ардагерлерге қа­тыс­ты заң жобасы талқыланған тұста ақтар мен қызылдар арасындағы азаматтық со­ғыс­ты қоспағанда, ХХ ғасырдан бері Қа­зақ­стан территориясында соғыс болмағаны қа­перге салынды. Тиісінше, 1941–1945 жыл ара­лығындағы Ұлы Отан соғысы да, 1945 жыл­дың тамызындағы кеңес-жапон соғы­сы да Қазақстаннан тыс аумақта жүрді. 

Кеңес кезінде қазақстандықтар көп ат­тандырылған екінші ірі соғыс 1979–1989 жыл­дарды қамтыған Ауған соғысы болатын. Бер­тінде қазақстандықтар бітімгершілер қа­тарында тәжік-ауған қарулы жанжалы ке­зінде осы екі елдің шекарасының ты­ныш­тығын күзетті. Таулы Қарабақтағы қақ­тығысты реттеуге жұмылдырылды. ХХI ға­сырдың басында қазақстандық жауын­гер­лер Қазбат бітімгершілік батальоны құра­мында Ирак жерін минадан арылтуға ат­салысты. Тиісінше, мемлекет бұл санат­тар­дың бәрін біріктіру туралы шешім қа­был­дады. 

Нәтижесінде, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің әзір­леуі­мен ел Парламенті 2020 жылғы 6 мамырда, ел тарихында тұңғыш рет «Ардагерлер тура­лы» заңын қабылдады. Оған сәйкес, енді Ұлы Отан соғысының ардагерлері; Ауған со­ғы­сының ардагерлері; басқа мемлекеттер ау­мағындағы ұрыс қимылдарының арда­гер­лері; жеңілдіктер бойынша ҰОС арда­гер­леріне теңестірілген ардагерлер; сондай-ақ еңбек ардагерлері, 40 жыл еңбек өтілі бар, «Еңбек ардагері» медалімен наград­тал­ған­дар да «ардагер» мәртебесіне ие болды. 

Нәтижесінде, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің мәлім­деуін­ше, Қазақстанда барлық санатта 2022 жы­лы жалпы саны 98,1 мың ардагер мем­ле­кеттік қолдаумен қамтылды. Демек, осынша ардагер болды.

Бірақ 9 мамыр мерекесі – Екінші Дү­ние­жүзілік соғыстағы жеңіске арнал­ған­дықтан, құрмет пен қошемет, мадақ пен ма­рапат та бірінші кезекте өткен ғасырдың қыр­қыншы жылдарындағы қан майданнан өт­кен жауынгерлерге арналады. Сонымен бір­ге ардагерлер санатындағы өзге азамат­тарға да сый-сияпат көрсетіледі. 

Жаһандық соғысқа қатысқан арда­гер­лер қатары жыл өткен сайын қатты сиреп барады. Тіпті ҰОС ардагерінсіз қалған тұтас өңір­лер бар. 2021 жылғы 6 тамызда, 96 жа­сында Атырау облысындағы ІІ Дүниежүзілік со­ғыстан аман оралған соңғы ардагер Зака­рия Сұлтанов дүние салды. 

2022 жылғы қыркүйекте Павлодар об­лы­сының Шарбақты ауданындағы соңғы ҰОС ардагері Ефим Петренко 105 жасқа бір ай қалғанда өмірден өтті. 

Осы аптада ақпарат құралдары Түр­кі­стан облысында қалған 15 соғыс ардагерінің бірі бақилық болғанын хабарлады. Облыс әкімдігі Жеңіс күніне орай көзі тірі 15 соғыс ар­дагеріне бір реттік материалдық көмек беру туралы шешім қабылдаған. Бұл қара­жат 30 сәуірге дейін қариялардың есеп­шо­ты­на аударылып та қойды. Алайда осы ақ­­парат шыға салысымен қан майданда Отан үшін қасық қаны қалғанша соғысқан қариялардың бірі көз жұмғаны туралы суық ха­бар жетті. Осылайша, ең халқы көп об­лыста 14 ардагер ғана қалды. 

елімізде қазіргі кезде қанша ҰОС ардагері бар? Еңбек ведомствосының дере­гінше, 2021 жылы республикада 665 ҰОС ардагері жә­не мүгедегі болған. 2022 жылғы 1 сәуір­де­гі жағдай бойынша олардың саны 387 адам­ға дейін азайды. Яғни, ел бір жылда 278 ардагерінен айрылып қалды. Министр­лік­тің мәліметінше, Қазақстанда 2023 жыл­ғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Ұлы Отан со­ғысының 222 қатысушысы өмір сү­ріп жатқаны тіркелген. Былтырдан бері ар­да­герлер сапы тағы 165 адамға ке­міді. ҰОС кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауыруы салдарынан мү­гедек болған адамдар, сондай-ақ ҰОС жеңі­сіне үлес қосқан 60 106 азамат тұра­ды. Олардың ішін­де: қоршаудағы Ле­нинг­рад тұрғындары – 78 адам; концла­герь­лердің бұрынғы кә­мелетке толмаған тұт­қындары – 175 адам; соғыста жаралануы, кон­тузиясы, зақым­дануы немесе ауруға ша­л­дығуы салдарынан мүгедек болып, дү­ние салған жауынгердің  жұ­байлары – 2 413 адам; ҰОС-да қаза тап­қан (қайтыс болған, ха­бар-ошарсыз кет­кен) жауынгерлердің же­сірлері – 4 адам; тыл еңбеккерлері – 57 436 адам.

Сыйы салмақты болады

Қазақстанда 9 мамырда Ұлы Отан со­ғысы ардагерлеріне сыйақы төлеу үшін бюд­жеттен 4,6 млрд теңгеден астам қаржы бө­лінді. Нәтижесінде, әрбір ҰОС ардагері төл мейрамына орай кем дегенде 1,5 мил­лион теңгеден алады. Өңір әкімдіктері осын­дай шешім қабылдаған. Ақтөбе және Пав­лодар облыстарында – 2 млн теңгеден тө­леген.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеу­­меттік қорғау министрі Тамара Дүй­сенова хабарлады.

«Қазақстанда Ұлы Отан соғысының ар­дагерлеріне 9 мамыр қарсаңында тиісті ма­­териалдық сыйақы төленді. Оның со­ма­сы бар­лығына бірдей. Бірақ жергілікті әкім­­дік­терге ол қаржыны жергілікті бюджет есе­­­бінен көбейтуге рұқсат етілген. Сол се­беп­ті бір жерде көбірек те болуы мүмкін. Қа­­лай болғанда, 1,5 млн теңгеден кем бол­мауы тиіс», – деді Тамара Дүйсенова. 

Салыстырар болсақ, 2021 және 2022 жыл­дары елімізде Жеңіс күніне орай ар­дагерлерге 1 миллион теңгеден аударылған бо­латын. Әйткенмен, былтыр Ақтөбе об­лы­сы бұл соманы екі еселеп, 2 млн теңгеге жеткізген. 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескере отырып ай сайын аударылатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері:  ҰОС қатысу­шы­лары үшін – 220 754 теңге (161 адам а­лды). ҰОС кезінде жарақаттану, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мү­ге­дек болған адамдар үшін – 229 286 теңге (61 адам). Басқа мемлекеттердің: Ауғанстан, Вьет­нам, Алжир, Мысыр, Ирак және бас­қа­сының аумағындағы әскери іс-қимыл­дары­ның ардагерлері үшін – 215 201 теңге (25 752 адам). Жеңілдіктер бойынша ҰОС қа­ты­сушыларына теңестірілген адамдар үшін – 182 782 теңге (3 648 адам). ҰОС ке­зеңін­де жарақаттану, контузия алу, мертігу не­месе ауру салдарынан мүгедек болған адам­дарға жеңілдіктер бойынша теңестіріл­ген адамдар үшін – 140 838 теңге (14 424 адам). ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккер­лері үшін – 148 892 теңге (57 436 адам).

Ардагерлерді әлеуметтік қолдаудың қо­сымша шаралары да көрсетілуде. Олар­дың барлығы әскери қызметшілер үшін қол­данылатын құқықтар мен кепілдіктерге ие. Салық салу бойынша жеңілдіктерді пай­­даланады, Астана және Алматы қала­ларын­дағы мамандандырылған госпи­таль­дарда білікті медициналық көмек көрсеті­ле­ді, санаторлық-курорттық емдеу ұсыны­лады (367 млн теңгеге 1 989 адам).

ТМД елдері биыл Ұлы Отан соғыс­ын­да­ғы жеңістің 78 жылдығын атап өтуде. 9 ма­мырда бұрын бір одақта болған бүкіл 15 рес­публикада, соның ішінде Балтық ел­дерін­де де батыр ұрпақтың фашизмге қар­сы соғыста шейіт болған ұландарының жан­қиярлық ерлігіне тағзым етіледі, көзі тірі ардагерлерге құрмет көрсетіледі.

Бұл ретте олардың барлығы бірдей 9 ма­мырға ақшалай сыйақы жасамайды. Қаржылық көтермелеу қарастырылған мем­лекеттер арасында ардагерлерге ең көп сыйақы төлеу жөнінен Қазақстан алда, шоқтығы биік. 

Мысалы, көрші Ресейде басын бәйгеге тіге жүріп, Жеңісті әперген ардагерлерді ұлық­тауға емес, Жеңістің сыртқы, көзбояу ат­рибуттарын дәріптеуге көбірек мән бе­ріледі. Мәскеу 9 мамырда В.Путиннің қа­ты­суымен Жеңіс парадын кең ауқымда, сал­танатты түрде өткізетіні жайында жаһан­ға жар салды. 

Сонымен бірге РФ басшысының «Жеңіс күніне азаматтардың бір­қа­тар санаттарына жыл сайынғы ақшалай тө­лем туралы» жарлығына сәйкес, ресейлік ҰОС ардагерлеріне 10 мың рубль (56 мың теңге) көлемінде төлем төленеді. РФ үкі­ме­ті «белгіленген сома мөлшері инфляцияға сай индексацияланбайтынын» мәлімдеді. 

Мұның сыртында Ресейдің тек бірнеше өңі­рі ғана осы азын-аулақ төлемге жер­гі­лікті үстемеақыны қосуға ұйғарыпты. Мы­са­лы, Санкт-Петербургта әлгі сомаға 5 мың рубль қосылды. Ханты-Мансы автономды окру­гының үкіметі таңғалдырды: ардагер­лер­ге арналған үкіметтік соманы 20 мың руб­­льге дейін өсірді. Мәскеу қаласында 10-нан 25 мың рубль аралығында аудары­лыпты.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мир­зиёевтің жарлығы бойынша Екінші Дүниежүзілік соғыстың әрбір қатысу­шы­сы­на және мүгедегіне 18 миллион сум (724 мың теңгеден астам) бір реттік ақшалай сыйа­қы ұсынылды. 

Беларусь Министрлер кеңесі де өткен ға­сырдың қырқыншы жылдарындағы жаһандық қырғында елді қорғаған және со­ғыс салдарынан зардап шеккен 10 мың­дай тұрғынға бір жолғы материалдық көмек беру туралы шешім қабылдады. 

«Ұлы Отан соғысына қатысқан және оның салдарларынан зардап шеккен ша­маман 10 мың ардагер Жеңіс күніне ма­териал­дық көмек алады. Оның мөлшері 850 рубльден 2 мың рубльге дейін жетеді», – деді Беларусь вице-премьері Игорь Петри­шенко. 

Бұл қайта өскендегісі: 2022 жылы бе­ларус­тік ардагерлер 750–1800 рубльден ғана алып­ты. Бір жыл ішінде бұл елдегі арда­гер­лер саны екі мыңға жуық азайды (2022 жы­лы шамамен 11,8 мың адамды құраған). Бұл қатарда «1945 жылғы 3 қыркүйекке дейін Отан қорғау бойынша (жапон ар­мия­сына қарсы) әскери қимылдарға қаты­су­шы­лар» да бар. Осылайша, бұл одақтас ел ме­рекелік сыйақыға жалпы сомасы 10 мил­лион рубль жұмсады. 

«Қырғызстан ҰОС ардагерлеріне Ре­сейге қарағанда 10 еседей көп төледі» – Ала­таудың арғы беткейіндегі ағайындардың ақпарат құралдары осындай тақырыппен шық­ты. Қырғыз Президенті Садыр Жапа­ров тиісті өкімге қол қойды. Оған сәйкес, Жеңіс­тің 78-ші белесінің құрметіне ҰОС арда­герлерінің әрқайсысына 100 мың сом­нан төленеді. Бұл жерде қос елдің ұлттық валюталарының долларға шаққандағы ба­ға­мы ұқсастау: 1 доллар 80 рубль немесе 87 сом тұрады.

Economist.kg порталының жазуынша, 100 мың сом төлемді 68 ардагер ғана алып­ты. Көрші қырғыз елінде бүгінде сол сұра­пыл соғысқа қатысқан осынша батыр ғана қал­ды. 

Тәжікстанда соғыс ардагерлеріне 7 мың со­мониға дейінгі көлемде төлем төленеді. 

Ардагерлер қандай марапатқа да лайық. Олар­дың кеудесіндегі әрбір орден мен ме­дальда соғыс кезіндегі өмір мен өлімнің ар­палысы, бейбіт күндегі маңдай тердің там­шысы бар. Қандай заман орнаса да, бұл құр­мет ары қарай ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғас­қаны жөн. Өйткені өсер елдің өнегелі хал­қы батырлары мен қарияларын қатар құрметтейді. Батыр буын ерлігінің жарқын үл­гілерін, биік рухы мен патриотизмін әр­дайым шамшырақ етіп ұстанған, асыл ми­рас еткен ұрпақ қана Отанын лайықты қор­ғап, жауға алдырмайды. Бұл Қазақ елі­нің күн сөнгенше мәңгі тұруының басты бір алғышарты.

Айхан ШӘРІП