Елордада «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты ұйымдастырған Qaisar әскери-патриоттық ойындары өз мәресіне жетті.
Qaisar  әскери-патриоттық ойындарына 3 000-нан астам жас қатысқан
1,122
оқылды

 Іріктеу кезеңінде еліміздегі 3 000-нан астам жас азаматтың арасынан суырылып шығып, ақтық сайысқа жолдама алған 120 қатысушы екі күн бойы тартысты додада бақ сынады. Олар қашықтыққа жүгіріп, арнайы әскери жаттықтырушылар дайындаған кедергілермен жүріп өтті. Сонымен қатар саптық дайындық деңгейлерін көрсетіп, «Менің елім – Қазақстан» атты әскери-танымдық викторинада білімін шыңдады.

Сайыс қорытындысы бойынша, Түркістан облысының командасы жүлделі бірінші орынды иеленсе, екінші орынды Қарағанды облысының оқушылары қанжығасына байлады. Ал үшінші орынға Алматы қаласының командасы лайық деп танылды. Жеңімпаздарға бағалы сый-сияпаттар табысталды.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде партия Хатшысы Дәулет Кәрібек Qaisar-дың басты мақсаты жастардың бойында патриоттық рухты оятып, олардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру екенін атап өтті.

«Сіздермен Qaisar әскери-патриоттық ойындарының ақтық кезеңінде жүздескеніме өте қуаныштымын. Ұлан-ғайыр жерімізді ата-бабамыз бізге аманат етіп қалдырды. Оны қорғау, келер ұрпаққа қаз-қалпында ұсыну – бәріміздің қасиетті борышымыз. Ел де, жер де біздікі. Осы байлығымызды сырттан біреу келіп қорғап бермейді. Отанымызды осы тұрған сіздер мен біздер қорғаймыз. Халқымызда «Жер елге аманат, ел ерге аманат» деген ұлағатты сөз бар. Аманатқа адал болайық! Әрқашан білімді, намысты, жүректі болыңдар», – деді Дәулет Кәрібек.

Түркістан облысынан келген команданың мүшесі Стас Грачев жеңіс оңайлықпен келмегенін, алайда осы уақыт аралығында балалар жаңа дос тапқанын айтты.

«Көңіл күйіміз көтеріңкі, жүрегіміз толқып тұр. Сайыс аса қызықты өтті. Біз бірінші орынды иелендік. Бұл жеңісті біз өз облысымызға арнаймыз. Себебі біз мұнда өңіріміздің намысын қорғауға келдік», – деді ол.

Еске сала кетейік, партияның Жастар қанаты аталған жобаны іске қосатынын былтыр «AMANAT»-тың кезектен тыс XXII съезінде мәлімдеген болатын.