Жемқорлардан тәркіленген 6 млрд теңге екі мектептің құрылысына жұмсалмақ.
Атырау облысында жемқорлардан алынған қаржыға 2 мектеп салынбақ
1,178
оқылды

Атырау облыстық Білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде жемқорлардан алынған қаржыға әрқайсысы 600 орындық екі мектептің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Оның бірі – мұнайлы шаһардағы Ақжар-2 шағынауданында орналасқан орта мектеп. Оның құрылысына 2,8 млрд теңге жұмсалмақ. Ал екінші мектеп Бірлік-2 шағынауданында салынады. Бұл мектептің құрылысын жүргізуге 3,2 млрд теңгені жарату көзделген.

"Қазақпарат" бұдан бұрын Атырау облысында биыл 25 мектеп жаңартылатынын жазған болатын. Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Байдошев те мектептер жаңа оқу жылы басталғанға дейін жөндеуден өтетінін айтқан. 

«Атырау облысында 2021 жылы қала мен аудан орталықтарындағы, ауылдардағы мектептерді қайта жаңғырту қолға алынды. Биыл облыста 25 мектепте қайта жаңғырту жұмысы мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүзеге асырылады. Бұл мақсатқа бюджеттен 800 млн теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары кезінде мектептер пәндік кабинеттермен, жиһазбен жарақтандырылып, кітапханалары мен асханалары жаңартылады. Білім ордалары қауіпсіздік жүйесімен қамтылып, оқушылардың инклюзивті білім алуына мүмкіндік жасалады. Бұл жұмыс оқушылар жазғы демалысқа шыққан кезде басталып, жаңа оқу жылына дейін аяқтау жоспарланып отыр», – деді Тілекқабыл Байдошев.

фото:zhaikpress.kz