Отырыс барысында «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредит тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды. Бұл заң несие тарихының құрамына кіретін мәліметтермен алмасу тетігін, тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ, трансшекаралық алмасуға жататын ақпараттың ең аз тізбесін белгілейді.
Талқылау кезінде аталған Келісім ЕАЭО шеңберінде несие тарихын қалыптастырудың құқықтық және ұйымдастырушылық негiздерін айқындайтыны айтылды. Сондай-ақ бұл құжат несие тарихын алмасу және оны пайдалану жүйесiне қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін белгілейді. Сол арқылы заң ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы ынтымақтастығын дамытуға оң септігін тигізбек.
Сонымен қатар сенаторлар «Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.
«Келісім Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтының құқықтық жағдайын, қызмет тәртібін, міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу саласындағы өзара байланысты дамытуға ықпал етеді», – деді заң жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.
Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.
Ақмарал Әлназарова «Арал өңіріндегі экологиялық апаттардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң аясында Арал өңірінің медицина қызметкерлері үшін қосымша коэффициентті қолдану туралы ұсыныс жасады.
Ольга Булавкина Ертіс өзенінің бассейнінде орналасқан гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне және жағалаудағы жерлердің деградациясына алаңдаушылық білдіріп, мәселені шешуге арналған бірқатар шара ұсынды.
Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысының экологиялық проблемаларын көтере отырып, Елек өзенінің ластануына және ауадағы зиянды заттардың жоғары деңгейде екеніне назар аударды. Осыған байланысты сенатор кәріз тазарту құрылыстарының санын көбейтуге, өнеркәсіптік кәсіпорындарды бақылауды күшейтуге және тұнба алаңдарында микробиологиялық препараттарды қолдану жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға шақырды.
Шәкәрім Бұқтұғұтов импорттық шикізат пен құрамдас бөліктер үстемдік ететін өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны төмен екенін атап өтті. Сенатордың пікірінше, өнеркәсіпті дамыту қорының жұмысын және қаржыландыру тетіктерін қайта қарау қажет.
Ернұр Әйткенов Денсаулық сақтау министрлігін Павлодар облысындағы медициналық ұйымдардың жеткілікті деңгейде қаржыландырылмауын айтып, аталған мәселені шешуге ықпал етуге шақырды.
Амангелді Толамисов жергілікті жерлерде су ресурстарын пайдалануда мемлекеттік бақылаудың жоқтығын сынға алды. Депутат аталған бұзушылықтарды тұрақты тексерулер арқылы анықтауды заңнамалық тұрғыдан реттеуді ұсынды.
Алишер Сатвалдиев Түркістан облысындағы шаруаларды сумен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Депутаттың айтуынша, бұл түйткілді «Қазсушар» компаниясының ішкі арналарын «Тұран-су» кәсіпорнының балансына беру арқылы шешуге болады.