Бүгінде үркерліктер қолжетімді интернетпен де қамтамасыз етіліп, елді мекендегі абаттандыру жұмыстары өте қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен әлі де болса тұрғындарды толғандыратын сұрақ көп. Сондықтан Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек үркерліктердің айтарына құлақ түрді.
Тұрғындармен кездесуде көтерілген мәселелердің дені күнделікті өмірде халыққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған шаруалардың шешілу барысы болды.
«Үркер елді мекенінің белсенді тұрғындарымен кездестім. Бұл елді мекенде ең алдымен кәріз және электрмен жабдықтау желісінің мәселелері шешілуі қажет. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сол сияқты кездесуде тұрғындар жол, тротуар, әлеуметтік нысандар, аялдамалар салу, абаттандыру, жарықтандыру секілді өзге де мәселелерді көтерді», – дейді шаһар басшысы. Сонымен қатар ол мектеп мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отырғанын жеткізді. Бүгінде Үркер елді мекенінде екі мектептің құрылысы жүргізіліп жатқанын айтқан ол: «Оның бірі – бір ауысымды, 900 орынға арналған, екіншісі – бір ауысымды, 2 мың оқушы орны. Бұл мектептерді келесі жылы қолданысқа беру жоспарда бар. Ал биыл денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып, пайдалануға беріледі. Көтерілген мәселелерді шешу бойынша орындау кестесін әзірлейміз. Жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіледі», – деді.
Ж.АСҚАРБЕК