Қызылорда облысы Арал ауданында ұстаздық қызмет атқаратын Мұқан Төлеубаев тың әдісімен талай шәкіртті тәрбиелеп, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап жүргеніне 2 жылдан аса уақыт болыпты. Осы уақыт аралығында ұстаз талай оқушының қорытынды емтиханға тыңғылықты дайындалып, жоғары көрсеткішке қол жеткізуіне себепкер болған.
Небәрі 25 жастағы жас ұстаз Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Жақсықылыш кентінде дүниеге келген. Бүгінде Арал қаласындағы Ұзақбай Қараманов атындағы 262 мектеп-лицейінде математика пәнінен сабақ береді.
Аталмыш білім ошағында 3 жылдан бері жұмыс істейтін ол біліктілігімен көзге түсе білді. Екі жылдан бері 11-сынып оқушыларын математикалық сауаттылық пен математика таңдау пәндерінен ҰБТ-ға дайындап жүр екен.
«Оқушыларды ынталандырып, олардың арасында бәсекелестікті дамыту үшін сабақ өтудің дәстүрлі емес формасын іздеу керек болды. Осылайша, өз ойымды дамытудың өзіндік құрылымын жасап шықтым. Уақытты үнемдеуге арналған есептерді іздеп, жинақтадым. Оның барлығын өткен оқу жылында математикалық сауаттылық пәнінен сынама тесттерде келген есептерден алдым. Кез келген тапсырманы орындату үшін, оның белгілі бір негізі болуы керек. Нәтижесінде, оқытудың тың тәсілін жасап шықтым», – деп тәжірибесімен бөлісті жас ұстаз.
Мұқан ұзақ уақыт зерттеудің арқасында сабақты ойын түрінде өткізудің өзгеше әдісін ойлап тауыпты. Алдымен «жекпе-жек» әдісімен ойын түрінде сабақ өткізуді бастайды. Бұл дәріс деңгейлес оқушылармен жүргізіледі. Осылай балалар арасында белгілі бір нәтижеге қол жеткізуді көздейтін достық орнайды. Осының арқасында оқушылар бір есепті бірлесе талқылап, ой жарыстырып, ортақ шешімін табуға мүмкіндік алады.
Ал «аяқдоп» әдісін математикалық сауаттылықтан дайындыққа келіп жүрген 11-сынып оқушыларына пайдаланылады. Сол арқылы бұған дейін төмен ұпай жинап жүрген оқушының көрсеткіші жоғарылаған екен.
«Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артып, келесі ойынды (сабаққа) мықты дайындықпен, үлкен ынтамен күтіп жүретініне куә болдым. Бүгінде оқушылардың құлшынысы арта түскені аңғарылады. Білім берудің жаңа әдісін әлі де жетілдіре түсуді мақсат тұтамын. Байқағаным, ойын түрінде өтетін әр сабағыма мектептегі мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі үлкен қызығушылық танытады. Әр командаға жанкүйері боп қатысып отырады», – деді Мұқан.
Бір қызығы, Мұқанның сабағына оқушылар мектеп формасымен емес, спорттық киім үлгісінде қатысады. Тиімділігі мол тың әдістің арқасында бұған дейін 20 балл жинаған оқушылар жақсы нәтиже көрсете бастапты.
Ұстаздың алға қойған мақсаты да асқақ. Ең бастысы, балалардың білім көрсеткішін 45 балға жеткізуді көздейді. Сондай-ақ осы әдіс арқылы оқушыларды олимпиадаға да дайындап, жеңіс мәресінен көрінуді мақсат тұтады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы