Жиынды қорытындылай келе, «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев тиісті нормативтік базаға өзгерістер енгізуді және «ҰИМТ» АЭА мамандануына машина жасау саласын енгізуді және бизнес субъектілері үшін эксаумақтылық құқығын қарастыруды ұсынды.
Машина жасауды дамыту мәселесі көтерілді

Отандық тауар өндірушілерді қолдау, машина жасауды дамыту, сондай-ақ ірі компаниялар сатып алатын тауар мен қызметтің қазақстандық үлесін арттыру. Осы және өзге де мәселелер «AMANAT» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаттары – Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті мүшелерінің отырысында сөз болды.

Комитет Төрағасы Нұртай Сабильянов атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқынын жеделдету және ел ішінде тиімді индустриялық тізбек құру міндетін қойды.

Өз кезегінде Қазақстан Машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев шағын және орта бизнеске жүктемені жеңілдету үшін технологиялық жабдықтарды (станоктарды) әкелу кезінде ҚҚС-нан босату туралы норманы ұзарту қажет екенін атап өтті. Ол импортқа тәуелділік деңгейіне жеке тоқталды, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 50 млрд АҚШ долларын құраса, оның 20 млрд-ы – машина жасау өнімдері.

«Жер қойнауын пайдаланушылар отандық тауарларды сатып алуға ниетті емес. Мәселен, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңда шикізат жеткізуге қатысты офтейк және офсеттік шарттар туралы талаптар бар. Бірақ бұл талаптар сақталмайды, себебі жауапкершілік шаралары көзделмеген. Бірде-бір жер қойнауын пайдаланушы өзі келіп, қазақстандық машина жасаушылармен ерікті келісім жасасқан жоқ. Сонымен қатар, бүгінде жер қойнауын пайдаланушылар тауар биржалары арқылы электрондық мемлекеттік сатып алу алаңын айналып өтіп, машина жасау өнімдерін сатып алуда», - деді ол.

Жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға құлықсыз екенін Энергетика министрлігі де растап отыр. Олардың ақпараты бойынша энергетикалық сектор компанияларының тауарларын, жұмыстары мен қызметтерін сатып алудың жалпы көлемі өткен жылы 5,7 трлн теңгені құрады. Бұл ретте жергілікті қамту үлесінің көрсеткіші – 59,74% немесе 3,4 трлн теңге.

«Айта кету керек, 2022 жылдың қорытындысы бойынша үш ірі оператордың (Теңізшевройл, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг, North Оперейтинг Компани) тауарларды сатып алуының жалпы көлемі шамамен 390 млрд теңгені құрады, қазақстандық қамту үлесінің көрсеткіштері небәрі 10%-ы құрайды. Яғни, бұл көрсеткішті ұлғайтудың мүмкіндігі бар деп есептейміз», - деді Энергетика министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаменті директорының орынбасары Ақжол Оспанов.

Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы тауарлардағы қазақстандық үлесті анықтау әдістемесі туралы өзекті тақырыпты көтерді. Атап айтқанда, ол «CT-KZ» сертификаттарын берудің қолданыстағы жүйесін өткір сынға алды.

«Әдістеме бойынша Германиядан пиджак әкеліп, содан кейін мұнда қазақстандық 1 түймені таққан кәсіпкер де, пиджакты толығымен осында тіккен отандық өндіруші де мемлекеттік тапсырысқа бірдей қол жеткізе алады, екеуі де «CT-KZ» ала алады. Менің ойымша, бұл әділетсіз. Яғни, тауардағы қазақстандық мазмұнның нақты үлесі қандай екені маңызды емес, ең бастысы – «СТ-KZ» сертификатының болуы. Осылайша, министрлік отандық тауар өндірушінің қазақстандық үлесті арттыруға деген ынтасын жойып отыр, оларға тауарларды шетелден әкеле салу оңайырақ», - деді депутат.

Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе арнайы экономикалық аймақтардың, атап айтқанда Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА жұмысының мәселесі болды. «ҰИМТ» АЭА АҚ Басқарма төрағасының м.а. Нұрбек Мұқажанов АЭА аумағында бірқатар перспективалы жоба үшін қажетті инфрақұрылым жоқ екенін, сондай-ақ біраз бюрократиялық кедергі бар екенін атап өтті. Мысалы, машина жасау кәсіпорындарының «ҰИМТ» АЭА қатысушылары болуға құқығы жоқ.

Мұндай проблемаларды шешудің бір жолы өндірісті іске қосу үшін тиісті жағдайды мемлекет емес, бизнес жасайтын жеке индустриялық аймақтарды құру болуы мүмкін.

«Біз мұнай-газ жабдықтары өндірілетін Атырау индустриялық паркін аштық. Мемлекет инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымға ақша салатын АЭА құрудың орнына, бұл рөлді жеке индустриялық аймақтарды құру арқылы бизнес өз мойнына ала алады. Біз мемлекеттен ҚҚС мен кедендік баждардан босату түріндегі преференциялар беруді сұраймыз», - деді кәсіпкер Серік Аманғалиев.

Жиынды қорытындылай келе, «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев тиісті нормативтік базаға өзгерістер енгізуді және «ҰИМТ» АЭА мамандануына машина жасау саласын енгізуді және бизнес субъектілері үшін эксаумақтылық құқығын қарастыруды ұсынды.

«Шартты түрде, егер кәсіпорын Ақтөбе облысында орналасып, бірақ машина жасаумен немесе мұнай химиясымен айналысатын болса, ол «ҰИМТ» АЭА преференцияларын пайдалана алады, бірақ белгілі бір жағдайларда. Сондай-ақ, Атырау облысының әкімдігі бөлетін 22 гектар жерді олар да жеңілдіктерді пайдалана алуы үшін АЭА-тағы жер учаскелерінің тізбесіне қосу керек. Сонымен қатар, ҚР «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Заңына «жеке индустриялық аймақ» ұғымын енгізу қажет. Тиісті ұсыныстар пакетін Үкіметке және құзыретті мемлекеттік органдарға жібереміз», - деп атап өтті Эльдар Жұмағазиев.