Зәмзәгүл Туитина – 39 жылдық еңбек өтілі бар педагог. Осы жылдар ішінде ол ағылшын тілін оқытудың әртүрлі әдісін жасап, тәжірибеде тиімді қолданып келеді. Сабақ барысында ақпараттық технологияны пайдалану, тілді ән мен фильмдер арқылы үйретумен қатар, жуырда ол балаларға арналған танымал туындылар мен қазақ ертегілерін ағылшыншаға аударды. Оның алғашқы тәржімаларының қатарында Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі мен «Алдар Көсе және Шықбермес Шығайбай» ертегісінен үзінділер бар.
«Ағылшын тіліне деген қызығушылығымды Зәмзәгүл Қалкенқызының сабақтары, шығармашылық тапсырмалары, әр тақырыпқа үлкен ынтамен қарайтыны себепші болды. Ол бүгінге дейін бір емес, бірнеше буын олимпиадашыларды тәрбиелеп шығарды», – дейді аталмыш мектептің 11-сынып оқушысы Ұлпан Болатқожа.
Айта кетейік, Зәмзәгүл Туитина – Reading for pleasure атты ағылшын тіліндегі нұсқаулықтың авторы. Оған балалар әдебиетінің классиктері мен ең танымал заманауи авторлардың үзінділері енгізілген. Балалар оларды сабақта да, бос уақытында да оқиды.
Сонымен қатар педагогтің шәкірттері «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» республикалық жобасы аясында батыс әдебиетін ағылшын тілінде оқып жатыр. Бұл сабақтар аптасына екі рет тегін өткізіледі.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ