Сондықтан да кез келген құрамада кешенді ғылыми топтың болуы халықаралық тәжірибеге айналған. Ал Қазақстанда ұлттық құрамаға аталған топ қызметкерлері осыдан алты жыл бұрын ғана қосылды. Дегенмен барлық құрамадағы медицина мамандарының деңгейі бірдей емес. Бұған еліміздегі спорт дәрігерлерінің тапшылығы да әсер етіп отыр.
Бүгінде білікті медициналық мамандарсыз үлкен спортта жеңіске жету мүмкін емес. Осыған орай Ұлттық олимпиада комитеті 67 олимпиадалық спорт түріндегі ұлттық құрама командаларын оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстар кезінде медициналық мамандардың қызметімен қамтамасыз ету жобасын бастаған. Спортшыларға көмектесетін медициналық кешенді ғылыми топ құрамына бірнеше маман енген. Олар: спорттық дәрігер, қолмен емдейтін терапевт, диетолог, психолог, биохимик, биомеханик және массаж маманы. Мұндай кешенді топтардың негізгі мақсаты – спортшылардың нәтижесі мен физикалық жұмысқа қабілеттілігін арттыруға әкелетін емдеу мен қалыпқа келтіру процесіндегі диагностика әдістерін жасақтап, жетілдіріп, қолданысқа енгізу. Сондай-ақ спортшылар дайындығының өлшемдеріне сараптама жасау, әдістемелер мен технологиялық дайындықты жетілдіру мақсатында спортшыларға ғылыми-методикалық және медико-биологиялық зерттеулер жасау және спортшыларды кешенді және медициналық тексерістен өткізу. Қазір Олимпиада комитеті ұлттық құрама командаларды медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін 120-дан аса маманды жұмысқа тартты. Олар – бокс, таэквондо, көгалдағы хоккей, көркем және спорттық гимнастика, байдарка мен каноэде ескек есу, шорт-трек, әйелдер, еркін және грек-рим күресі, дзюдо, сонымен қатар басқа спорт түрлеріндегі оқу-жаттығу жиындары да медициналық қызмет көмегімен өтеді. Кешенді ғылыми топтардың қызметін сараптауды Спорттық медицина және антидопинг департаменті атқарады.
– Спортшылар жарыс немесе жаттығу барысында жарақат алған жағдайда құраманың дәрігері алғашқы шараны қолданады. Медицина қызметкерлері спортшылар сияқты жылдың 250 күнін үйінен жырақта, жарыстар мен жаттығу базаларында өткізеді. Олардың жұмысы, атқаратын қызметі спорт түрлері мен спортшыларға байланысты әрқилы болады. Құраманы кешенді ғылыми топ мамандарымен қамтамасыз етуді қолға алған уақытта ең маңызды мәселе жоғары дәрежелі спортшылармен жұмыс істеуге қабілетті, іссапарға шығуға келісетін мамандарды іздеу болды. Біздің мамандар тәулігіне 24 сағат ұлттық құрамамен бірге болып, команданың ажырамас бөлігіне айналды, – дейді Спорттық медицина және антидопинг департаментінің бұрынғы директоры Лаура Төлеубекқызы.
Оның пікірінше, командаларға бұрын да медициналық қолдау болғанын жоққа шығаруға болмайды, бірақ дәрігерлер мен массажистер бір ұйымда жұмыс істемейді және қазіргідей спортшылармен, командалармен бірге тұрақты іссапарға шықпайды. Шыққан күннің өзінде, барлығымен бірдей емес, елімізде басымдық берілетін спорт түрлері бойынша кейбір спортшылармен жаттығу жиындары мен жеке жарыстарға ғана бірге барады. Әлемде барлық спорт құрамасы тұрақты түрде кәсіби медициналық қолдауға ие, ал бізде мұндай қолдау осыған дейін тек таңдаулы спорт түрлері мен спортшыларда болған.
Спорт дәрігері тапшы
Спорт медицинасының қаншалықты керек екенін осы жолғы әлем чемпионаты дәлелдеп берді. Мысалы, бокстан ұлттық құрама жақсы нәтиже көрсетті. Себебі құрамадағы спорттық дәрігер – әлемдік деңгейдегі маман. Сонымен қатар командада дұрыс тамақ тағайындайтын диетолог, витаминдер беретін фармотолог, спорт дәрігері мен массаж маманы бар. Осы ғылыми кешенді топ бірлесіп жұмыс істейді. Соның нәтижесінде спортшылар да бабында болды. Бұл – сырттан қараған көрерменге байқала бермейтін фактор. Қазіргі заманда спортшының физикалық мүмкіндігі емес, спорттық медицина мен ғылым негізгі рөл атқарады.
– Спорт медицинаcы – отандық спорттың ең осал тұсы. Кез келген сәтсіздік пен төмен көрсеткіштің себебін іздегенде біреулер бапкерді ауыстырсын, енді біреулер федерация басшысын ауыстырсын деп әртүрлі пікір айтады. Бірақ спорттағы сәтсіздіктің негізгі себебі командадағы ғылыми кешенді топтың әлсіздігінен немесе тіпті жоғынан,– дейді спорт журналисі Аслан Қаженов.
Оның айтуынша, дзюдода ұлттық құрама әлем чемпионатынан медальсыз қайтты. Себебі командада спорт дәрігері де, психолог та жоқ. Бастапқыда спорт дәрігері болыпты, бірақ әлем чемпионатының алдында жұмыстан шығып кетіпті. Дәл осылай күрес, таэквондо сияқты көптеген спорт түрлерінде спорттық медицина әлсіз. Спорт медицинасы мамандары елімізде тапшы. Спорт дәрігерін табу қиын. Өйткені спорттық медицина мамандарын арнайы дайындамайды. Жалпы медицинаны оқыған дәрігерлер келеді. Бірақ оларды спорт дәрігерімен салыстыра алмаймыз. Бір кездері спорт дәрігерін дайындайтын кафедраны жауып тастапты. Соның салдарынан дәрігерлерді тек шетелдерден алдырып жүрміз. Өзімізде дайын тұрған әлемдік деңгейдегі маман жоқ.
– Жарыс кезінде басқа елдердің спорт дәрігерлерін көріп жүрміз. Мысалы, дзюдода Моңғолия спортшылары жарысқа 1-2 минут қалғанда бір сағыз шайнайды. Кейін лақтырып тастайды. Соның арқасында татемиде сергек әрі белсенді қимылдайды. Тап бір ұйқыдан енді тұрып күресіп жатқандай. Энергиялары тасып тұрады. Бұған дейінгі белдесулеріндегі шаршағандарын ұмытып кетеді. Міне, бұл спорт медицинасының құдіреті. Дәл осылай жапондар да әртүрлі құрылғы мен дәрі-дәрмек қолданады. Олардың не екенін өздерінен басқа ешкім түсінбейді. Допинг емес. Осының арқасында жапон спортшылары сәтті өнер көрсетеді. Тіпті, жапон дәрігерлері татами жанында медициналық чемодандарын жайып қояды. Сол жерде-ақ операция жасап тастайтын деңгейде. Қараған адамның көзі қызығады. Ал біз олардың не істеп жатқанын терең түсінбедік. Себебі бізде ондай мамандар жоқ. Бұл мәселені отандық спорттың басы-қасында жүргендер біліп отыр. Бірақ мәселені шешуге дәрменсіз, – дейді Аслан Қаженов.
Әлемдік тәжірибе қандай?
Әлемде спорт медицинасы Америкада, Германияда, Ұлыбританияда, Жапонияда, Канада мен Аустралияда жоғары деңгейде дамыған. Бұған спорт медицинасының арқасында жетістіктерге жетіп жүрген спортшылар дәлел. Айталық, америкалық Майкл Фелпс жүзуден 28 олимпиада медалін жеңіп алған. Фелпс дәрігерлермен және физиотерапия мамандарымен тығыз жұмыс істеген. Ал тағы бір америкалық Серена Уильямс –тарихтағы ең табысты теннисшілердің бірі. Ол физикалық дайындығын тұрақты түрде бақылап және бұлшықеттерін нығайту үшін, жарақаттарын емдеу үшін арнайы медициналық мамандармен серіктес болған. Осының арқасында ол теннис кортында керемет нәтижелерге қол жеткізді. Әлемдегі ең танымал футболшылардың бірі Кристиано Роналду да спорттық медицинаға жүгінеді. Роналдудың жейтін тамағынан бастап, ұйқы режиміне дейін дәрігерлердің бақылауында. Ендеше мықты спортшы дайындау үшін дамыған спорттық медицина керек. Ал спорттық медицинаны дамыту үшін сол мемлекетте арнайы ғылыми орталық пен сапалы мамандар болуы шарт. Мысалы, Америкада спорт медицинасына мамандандырылған көптеген оқу бағдарламасы мен ғылыми орталықтар бар. Сондай-ақ америкалық спорт медицинасы мамандары әлем елдеріндегі кәсіби спорт командаларымен және олимпиадалық спортшылармен жұмыс істейді.
Ал Германияда спортшыларға зерттеу жүргізетін және медициналық қызмет көрсететін көптеген мамандандырылған орталық бар. Неміс дәрігерлері мен физиотерапевттері спорттық жарақаттарды диагностикалау мен емдеудің озық әдістерін кеңінен қолданады.Ұлыбританияда спортшыларға зерттеу жүргізетін және медициналық қызмет көрсететін ірі мамандандырылған медициналық орталықтар бар. Канада да барлық деңгейдегі спортшыларға зерттеулер жүргізетін және медициналық қызмет көрсететін мамандандырылған спорт клиникалары мен орталықтар желісі дамыған. Жапониядағы спорт медицинасы дамудың жоғары деңгейіне ие және жапондық спорт индустриясының маңызды құрамдас бөлігі. Жапондық ғалымдар мен медицина мамандары спорттық жарақаттарды диагностикалаудың, емдеудің және алдын алудың жаңа әдістерін үнемі жетілдіріп отырады. Жапонияда кәсіби спорт командаларының әрқайсысында медициналық қызметкерлер жұмыс істейді. Қызметкерлер қатарында: спорт медицинасы мамандары, физиотерапевттер, массаж терапевттері және сарапшылар бар. Сонымен қатар спорт медицинасы мамандарын даярлауға арналған бірқатар оқу бағдарламасы мен сертификаттау курстары бар. Айта кету керек, спорт медицинасы мамандары жарақаттанудың алдын алу бағдарламаларын әзірлейді, оқыту семинарларын өткізеді және спорттағы қауіпсіздік бойынша ұсыныстар айтады.
Францияның Париж қаласында өтетін Жазғы олимпиада ойындарына тура бір жыл қалды. Сондықтан соңғы олимпиададағы сәтсіздіктен сабақ алып, спорттық медицинаға уақыт өткізбей көңіл бөлуіміз керек.
Көктем ҚАРҚЫН
Қуаныш САПАРБАЙ (коллаж)