Жалпы, Болат Қалмаханов теміржол саласында (локомотив депосында) 46 жылдан астам жұмыс істеп келеді.
«Кедергісіз келешек»: Қызылордада мүмкіндігі шектеулі жанға әлеуметтік көмек көрсетілді

Қызылордада «AMANAT» партиясы теміржол  филиалының  «Жол бөлімшесі»  БПҰ мүшелері  мүмкіндігі шектеулі  тұлғалардың әлеуметтік қорғалуын қадағалау мақсатында  локомотив пайдалану депосында болды.

Онда өндірістік жарақат алғаннан мүгедектікке шықса да жұмысын жалғастырып  отырған Болат Қалмахановтың  жұмыс орнында болып, қауіпсіздігімен қамтамасыз ету барысын көрді. «Кедергісіз келешек» партиялық жоба аясында еңбегіне адал азаматқа құрмет көрсетіліп, қаржылай қолдауға ие болды.

«Партияның белсенді мүшесі ретінде әртүрлі жағдайда өндірістік  жарақат алып,  мүгедектікке шықса да, жұмысын жалғастырып отырған әріптестеріміздің жағдайларын білу, керек-жарағын анықтау мақсатында  бірнеше адамды қамтыдық. Былтыр зейнет жасқа толса да тағы  бір жылға  жұмыс жасауын создыруын сұраған болатын. Бүгінде  қайсар азамат локомотив бригадаларының резерв бастығы қызметін атқарып отыр.  Бір ата-анадан туылып, тағдырдың жазуымен жетім қалған 6 баланы өз балаларымен қосып, тәрбиелеп отырған  әке ретінде жұмыс істеуіне мүмкіндік берілген. Сондықтан осындай жандарды көзбен көріп, жағдай білісіп, көмек көрсету азаматтық парызымыз деп білеміз. Осы мақсатта көмек көрсетіп жатырмыз»,  –  дейді  жол  бөлімшесінің еңбек қорғау инженері, бастауыш партия ұйымының мүшесі  Ғалия Көпжасарова.

Жалпы, Болат Қалмаханов теміржол саласында (локомотив депосында) 46 жылдан астам жұмыс істеп келеді. 1981 жылы жұмыс барысында өндірістік жарақат алып, ІІ топтағы мүгедекке шыққан. Мүгедектігіне  байланысты қол қусырып қалмай, басшысының келісімімен жұмысын жалғастыруға мүмкіндік алыпты. Кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасалып, бүгінде  локомотив бригадаларының резерв бастығы қызметінде  29 жылдан бері  жұмыс істеуде.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы