Ақмола облысында пайдаланылмай жатқан 52,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Заңсыз бөлінген жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары талқыланды

Ақмола облысында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының отырысы өтіп, онда пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысы талқыланды.  

Биыл облыстық Жер ресурстарын пайдалану басқармасы өңірдегі 174 мың гектар аумақта 38 тексеріс жүргізіп, соның нәтижесінде 19 заңбұзушылық анықталды.

Бүгінде өңірде пайдаланылмай жатқан 52,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 13,4 мың гектарын меншік иелері өз еркімен қайтарса, 17,8 мың гектардың жалға беру мерзімі аяқталды. Сот шешімі бойынша 21,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне берілді. Ал 34 мың гектар жер бойынша іс сотта қаралуда. Сондай-ақ аталған басқарма бұған дейін берілген жерді пайдалану жұмысын реттеу арқылы ауыл шаруашылығы айналымына 191,1 мың гектар жер қосты.

Сондай-ақ Зеренді ауданында мемлекет қорына 1 400 гектардан астам жер қайтарылды. Былтыр ерікті түрде бас тарту негізінде жалпы көлемі 290 гектар жер арнайы жер қорына берілсе, биылғы 5 айда бұл көрсеткіш 609 гектарды құрап отыр.

«Зеренді ауданына қарасты 79 елді мекенде 81,1 мың гектар жайылым тапшылығы байқалады. Бұл мәселені заңсыз бөлінген жерді мемлекет меншігіне қайтару арқылы шешеміз», – деді Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Әсер Құрманғожин.    

Жалпы,  «Жер аманаты» комиссиясы өз жұмысын бастағаннан бері осы облыста мемлекет меншігіне былтыр 302 мың гектар, ал биылғы 5 айда 243 мың гектар жер қайтарылды.    

Жиын соңында облыстық комиссияның мүшелері тиісті ұсыныстар қабылдап, оны мемлекеттік органдарға жолдады.