«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық қоғамдық кеңестер түрлі қоғамдық сала бойынша жұмыс атқарады.
AMANAT: сайлауалды уәделердің орындалуында қоғамдық кеңестердің рөлі зор
718
оқылды

«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық қоғамдық кеңестер сайлауалды уәделердің сапалы әрі жүйелі орындалуына мониторинг жасаумен айналысады. Партия жанындағы қоғамдық кеңестер биыл да өз жұмысын қарқынды түрде жүргізіп келеді.

«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық қоғамдық кеңестер түрлі қоғамдық сала бойынша жұмыс атқарады. Әрбір кеңес өзіне қарасты сала бойынша мақсат-міндеттеріне сәйкес әрекет етеді. Осы орайда партия жанындағы қоғамдық кеңестердің кейінгі уақытта жүзеге асырған жұмыстарына шолу жасалды. 

 

«Miras» Республикалық қоғамдық кеңесі

«AMANAT» партиясы жанындағы «Miras» Республикалық қоғамдық кеңесі азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту бағытында жұмыстар атқарады. 

«Miras» қоғамдық кеңесі құрылғалы бері елдегі мәдениет пен азаматтық қоғам саласындағы негізгі мәселелердің оң шешімін табуға атсалысып, жан-жақты жұмыс жүргізіп келеді.

Мәселен «Қазақфильм» киностудиясында 2022 жылы «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылып, «Қазақанимация» 20 анимациялық жоба шығарды. Олардың қатарында «Алтын Адам», «Кенже қыз» 10 бөлімді анимациялық сериалы, «Еркетай» толықметражды анимациялық фильмі, «Караван истории» 20 бөлімді анимациялық сериалы, «Бесік жыры» қысқаметражды анимациялық фильмі сынды жобалар бар.

Сондай-ақ ел аумағы бойынша 2021-2022 жылдары 124 мәдениет объектісі салынып (Отырар аумағындағы визит орталықтары), 476 мәдениет объектісі жөндеуден өтті.

Отандық ономастика бойынша өңірлерде идеологиялық тұрғыдан ескірген 6460 атау анықталды. Оның ішінде 5700-і көше мен даңғылдар, 760-ы елді мекен атауы. Олардың негізгі бөлігі Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі. 2025 жылға дейін 2929 елді мекендер мен құрамдас бөліктер өзгертіледі деп күтілуде. Қалған 3531 атауды 2030 жылға дейін ретке келтіру жоспарланып отыр. 

 

Партиялық бақылау комитеті

Партиялық бақылау комитетінің мақсаты партия мүшелерінің партия Жарғысының ережелерін, мемлекеттік бағдарламаларды, партияның бағдарламалық құжаттарын және партия Төрағасының тапсырмаларын, партия съездері мен конференцияларының, партия мен филиалдардың Саяси кеңестері мен Бюроларының шешімдерінің орындалуына мониторинг жүргізу. Осыған сәйкес комитеттің кейінгі уақытта атқарған жұмыстарын мысалға келтіруге болады.

Партияның тікелей араласуымен Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданында және Ақтөбе қаласында 50-ден астам заңсыз қоқыс үйінділері жойылды. Жамбыл облысы Шу ауданына қарасты Еңбек ауылы тұрғындарының ірі қоқыс үйіндісіне қатысты шағымы негізінде тексеру жүргізілді. Партия араласқаннан кейін қоқысты жинау үшін арнайы техника жіберіліп, полигон аумағы абаттандырылды. Ендігі кезекте 1 маусымға дейін қоршау орнату жоспарланған.

Алматы, Маңғыстау және Түркістан облыстарында 100-ден астам үйге газ қосылды. Нақтырақ айтқанда, партияның атсалысуымен Алматы облысы Ақдала және Ақтас ауылдарының тұрғындарына магистральдық газ құбырына қосылуға көмек көрсетілді. Сонымен қатар үш жылдан бері газсыз отырған Маңғыстау облысы Ақтау қаласының «Берекелі шаңырақ» ТК тұрғындары да көгілдір отынмен қамтамасыз етілді.

Алматы және Батыс Қазақстан облыстарына қарасты 8 ауылда электр жарығы мәселесі оң шешімін тапты. Мысалы, Іле ауылында жаңа бағаналар мен электр желісі орнатылды. Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданының 3 ауылында қосымша жарықтандыру жүргізілді.

Биыл Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Шеңбертал және Жаныс би ауылдарының бір жарым жылдан бері ауыз су тапшылығынан зардап шеккен тұрғындары сумен қамтамасыз етілді.

586 партиялық бақылау бекеті ұйымдастырылды. Солардың қызметі арқасында 241 нысан уақытылы пайдалануға берілді. Бүгінде 345 партиялық бақылау бекеті жұмыс істеп жатыр.

Азық-түлік тауарлары, дәрі-дәрмектер және жанармай бағасының өзгеруін бақылау жөніндегі мониторингтік топтар 200-ден астам құқықбұзушылық пен проблемалық мәселелерді анықтады. Сәйкесінше, әкімдіктерге және тікелей сауда орындарына аталған мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар жолданды.

Бұлар Партиялық бақылау комитеті жүзеге асырған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Комитет осы қарқынмен өз жұмысын әрі қарай жалғастыра бермек.

 

Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес

Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңес отырысының қорытындысы бойынша 2021-2022 оқу жылындағы жалақы және демалыс бойынша педагог кадрларға төлемдерді кешіктіру бойынша резонанстық мәселе оң шешімін тапты.

Кеңес жұмысының аясында білім беру нысандарының сапалы құрылысы мен уақтылы тапсырылуына бақылау жүргізілді. 2 жыл ішінде 502 мектеп (222 мың орындық) ашылды, 2 мың мектеп толық жөндеуден өтіп, 992 балабақша ашылды (84 мың орындық). Сонымен қатар студенттерге арналған 20,1 мың орындық 93 жатақхана пайдалануға берілді.

 

Экологиялық кеңес

Экологиялық кеңес шеңберінде арнайы жұмыс тобы құрылды. Соның негізінде негізгі экологиялық мәселелер бойынша ұсыныстар дайындалып, елді мекендерде жасыл желекті көбейту, оларды күтіп-баптау және қорғау қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Сонымен қатар экологиялық кеңестің бастамасымен өңірлерде экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтайтын «экологиялық патрульдер» құрылды.

 

Өңірлік даму жөніндегі кеңес

Партия жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңес еліміздің аймақтарындағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысып келеді.

Биыл кеңес Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылдың соңына дейін қалалар мен ауылдардың тұрғындарын 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының жүзеге асырылуына бақылау жүргізді.

Кеңес жұмысы шеңберінде сумен жабдықтау объектілерінің сапалы құрылысы мен уақытылы тапсырылуы қадағаланды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша қалаларда – 98,4%, ауылдық елді мекендерде – 94,5% сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ 2022 жылдың қорытындысы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу талап етілетін ауылдар саны 164-тен 132 ауылға дейін азайды. 32 ауылда аталған мәселе оң шешімін тапты. Ал 63 ауылда ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыстар әлі жүріп жатыр.

Бұдан бөлек іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу талап етілетін ауылдар саны 37-ден 23-ке дейін азайды.

 

Жастарды қолдау жөніндегі кеңес

Жастарды қолдау жөніндегі кеңес қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Соның негізінде мынадай өзгерістер енгізілді:

  • жастардың шекті жасы 35 жасқа дейін ұзартылды;
  • «жастарды дамыту индексі», «жастардың әлеуметтік қызметтері», «уақытша жұмысқа орналаспаған жастар» (NEET), «жастармен жұмыс жөніндегі маман», «жастардың еңбек жасақтары» ұғымдары заңнамамен бекітілді;
  • жастар ресурстық орталықтарының функцияларының саны артты;
  • мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарына жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру және жастар арасында волонтерлікті дамыту ұғымдары енгізілді.