Дүниежүзіндегі біраз дамыған елде көліктің бұл түріне заң жүзінде тыйым салынған. Мысалы, Ұлыбри­танияда оны адамдар тек өз мен­шігіндегі жеке жер телімінде ғана пай­далана алады.
Сенген көлігі сен болсаң...

Ал Монакода қол­дануға мүлдем рұқсат етілмейді. Ешбір дүкенде сатылмайды. Қа­зақстан Парламенті болса, оған қа­тысты ұсынылған қатаң шектеу­лердің бәрін алып тастады. Сыры неде? Айтпақшы, әңгіме электрлі самокаттар туралы болып отыр.  

Дамыған елдер еріккеннен тыйған жоқ

Биылғы сәуір айында Париж электрлі самокаттарға қарсы түбегейлі шара қа­былдады. Осы мақсатта Франция аста­насында жеке референдум өткізілді. Қо­рытындысында, дауыс беруге қатысқан тұрғындар көліктің бұл құралына толық тыйым салуды қолдады. Алдыңғы қатарлы демократиялы елдер бұған зеріккеннен барып отырған жоқ. 

Біздің ірі қалаларымыздың көшеле­рінде де қаптап кеткен электрлі самокаттар жаяу жүргіншілерді әбден ығыр етіп бітті. Олар өзге көліктер сияқты автомобиль жолымен қозғалмайды, тек қана жүргін­шілер жолымен жын ұрғандай айдайды. Заңды түрде тротуарда жайымен қозғалып келе жатқан жүргіншілердің ту сыртынан тосыннан қоңыраулатып, шошынтады, есі шыға сасқалақтаған адамдарды жан-жаққа бытырауға мәжбүр етеді. Тіпті, зәресі ұшқаннан жанұшыра ығысқан жұрт көлік жолына шығып кетіп жатады. Электрлі самокатшылардың зулаған бойы жүргіншіге соғылған деректері де жетер­лік. Бұлардың зарядталатын батареялары­ның өздігінен жануынан өрт те болып жатады. Сондай-ақ жыпылықтаған бағ­даршамның сары көзіне өтіп кетуге асы­ғатын электрлі самокатшылар жолдағы апат санын арттырады.

Осының бәрі бұл саланы реттейтін уақыт жеткенін көрсетеді. Жаңа Парла­мент соған талпынып көрді. Бір топ депутат «Кейбір заңнамалық актілерге жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасына бас­тамашы болды. Бірақ жоба қо­ғамның да, өзге депутаттардың да сы­нына ұшырады. Себебі сарапшылардың түсіндіруінше, бұл заң қабылданғанымен, одан еш пайда болмайды: онда самокат­тарды тәртіпке түсіретін пәрменді тетік, мықты талап жоқ. 

Соған қарамастан, жаңа Мәжілістің 91 депутаты жақтап, өзгелері қалыс қа­лып, заң жобасы қабылданды. Конститу­цияға енгізілген өзгерістер бойынша Сенат заң жобаларын тек шамалы пы­сықтап, мақұлдай алады, әйтпесе тіпті қарсы болғанның өзінде Мәжіліс оның наразылығын еңсеріп, өзі қалаған заңды Президенттің қол қоюына жолдай алады. Яғни, жоғарғы палатаның құжатқа елеулі өзгеріс енгізуінен үміт жоқ.

Қалаулылар неге жұмсақтық танытты?

Соңғы жылдары көшелерімізде электрлі самокаттар, гироскутерлер, монодөң­гелектер сияқты көліктің жаңа түрлері пайда болды. Олардың бәрі тротуарларға түсіп, жүргіншілердің орта­сына қойып кетті. Билікке, Парламентке азаматтардан жаяу жолау­шылардың өмірі мен ден­саулығына қауіп төндірген жаңа көлік құралдарының жүрісін реттеу мәсе­лелері бойынша өті­ніштер тоқтаусыз түсіп жатқанын депутат­тар мойындады. Халық өз арыздары мен әлеуметтік желідегі ша­ғымдарында нені талап етті? Дамыған елдердегі сияқты әлгілерді «көлікке» теңес­тіруді және оларды жаяу жүргінші жолдарынан алып тастауды сұрады. 

Мәжіліс не істеді? Олардың бәріне тротуарлар мен жүргінші жолдарымен зымырауға заң жүзінде рұқсат етті. Бірқатар депутат әріптестері әзірлеген 

заң жоба­сына түзету ұсынды: ол автокөлік иелері сияқты самокатты жалға беретін кик­шеринг компаниялардың жауап­кершілігін сақтандыруды және осы көліктен зардап шеккенге өтемақыны содан төлеуді қарас­тырады. Алайда заң бастамашылары мен жұмыс тобы оны қабылдаудан бас тартқан. Сонда кімнің мүддесін көздеп отыр?

Мәжіліс депутаты, заң жобасының авторларының бірі Екатерина Смышляева жазу барысында еуропалық елдердің заң­намасы негізге алынғанын мәлімдеді. Бірақ құқықтанушы, қоғам белсендісі Санжар Оспанқұлдың айтуынша, бұл шындыққа жанаспайды. 

«Президент жаңа Мәжілістің бірінші сессиясының ашылуында лоббизм туралы заң қабылдап, бұл істі тәртіпке келтіруді тапсырды. Соған дейін депутаттардың өз бетінше заң жобасын енгізуін тоқтата тұрған жөн. Ал мына заңға келсек, Ұлыбритания, Канада, Жапония және басқа да дамыған елдерде көліктің бұл түрін пайдалануға түпкілікті тыйым салынған. Франция, Испания, Германия сияқты еуропалық елдер элек­трлі самокаттардың тротуарларда қозға­луына үзілді-кесілді тыйым салды», – деді құқықтанушы. 

Қазақстанда ше? Екатерина Смыш­ляе­ваның түсіндіруінше, жаңа заңда электрлі самокаттар да енді көлік құралы ретінде танылады. Бірақ олар жүргінші жолдарымен де еркін жүре алады, тек жылдамдығын сағатына 6 шақырымнан асырмауы керек. Сарапшы бұл жерде депутаттар кереғарлыққа жол бергенін қаперге салды. Өйткені көліктің өзге түрлерінің мемлекеттік тіркеу нөмірі бар. Тиісінше, егер ол жол жүрісі заңнама­сының талаптарын бұзса, «Сергек» ар­қылы автоматты түрде айыппұл жазылады. Ал мына заң егер электрлі самокатшы жылдамдығын 6 шақырымнан асырса, оған қарсы еш қауқар таныта алмайды, жазаламайды. Олардың жұрттың қалың нөпірі арасында қандай жылдамдықпен жүйткігенін өлшеу үшін полицейлер әр бұрышта радар ұстап тұрмайды.

Заңды жазған депутаттар «тротуардағы жылдамдықты шектеу – жаяу жүргінші­лердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті» деп табандады. Олардың пікірінше, полицияға радар қолдану қажет емес, бұл жылдамдық «сырттай көзбен шолып анықталады». 

Жаңа заң автокөлік иелеріне де, велосипедшілерге де қиындық әкелгелі тұр. Оған сәйкес, электрлі самокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады. Электрлі само­каттарға жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне рұқсат етіледі. Бұл үшін жүргізуші 18 жасқа толуы, шлем мен арнайы киім киюі әрі кез келген са­наттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет. 

Жаңа заң электрлі самокатты пай­даланатын адамдардың да ашуын туғызуы мүмкін: ол күшіне енген соң «электрлі самокатта жүктер мен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады». Ал көліктің осы түрін курьерлер, тамақ тасушылар кең қолданатыны мәлім. Бұл тыйым олардың ісіне соққы болмас па? 

Мұның сыртында жаңа заң электрлі самокаттарды жүргізушілерде міндетті түрде кез келген санаттағы жүргізуші куәлігінің болуын талап етеді. Ондай куәлік екінің бірінде жоқ. Бұл «темір тұлпарға» қаражаты жетпегендіктен, самокатқа амалсыз аяқ артқан қарапайым адамдардың қалтасына салмақ салады. Бұған қоса, автомектептердің бірде бірі электрлі самокат айдауға үйретпейді.

– Заңда электрлі самокат жүргізу үшін ешқандай арнайы дайындық талап етілмейді. Бірақ жүргізуші куәлігінің болуы міндетті. Бұл норма заңға Прези­дент қол қойған соң 60 күннен кейін күшіне енеді. Осы 60 күнде азаматтар жүргізуші куәлігін алып үлгеруі керек. Бүгінде Қазақстанда 7 миллион адамның жүргізуші куәлігі бар. Автомектепті бітірген не өзі даярланып, көлікті басқару құқығына ие болған адам жол жүрісі ере­желерін біледі. Сондықтан оны бұзбайды деген үміт бар, – деді Ішкі істер министрі­нің орынбасары Игорь Лепеха.

Осылайша, тараптардың бәріне ұна­май, алда наразылық туғызуы мүмкін заң жобасы өмірге жолдама алғалы тұрғанға ұқсайды. 

Арнайы инфрақұрылым жоқ

Еуропалық елдердің осы көліктен бас тартуының бір себебі – оларға арналған инфрақұрылымның жоқтығы болды. Дәл осы проблема Қазақстанда да ушығып тұрғанын заң бастамашылары мойындады. 

«Жалпы, көліктің осы түрін дамыту­дағы проблемалардың бірі – арнайы бөлінген жолдар мен жолақтар түріндегі қалалық инфрақұрылымның болмауы. Жекеменшік электрлі самокаттар паркі­нің көбеюін және Қазақстан нарығында кикшеринг сервистерінің пайда болуын ескерсек, осындай көлікке бейімделмеген қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктеме жақын арада қатты артады», – деп билікке ескерту жасады депутат Е.Смышляева. 

Әкімдер болса, бұлар түгіл, жаяу жү­ретін бұқараға, мүгедектігі бар жандарға қажетті инфрақұрылымды жасай алмай дал. Ендеше депутаттар осы заң жобасы арқылы биліктің өзін жарға жықпас па? Бұл сұрақтың жауабын уақыт еншісіне қалдырдық.

Жалпы, заң жобасындағы шектеулерге электрлі самокаттарды жалға берумен айналысатын компаниялар да қарсы. Олар Алматыдағы үлкен жиналыста наразылығын билікке жеткізуге тырысты. Олардың байламынша, өз клиенттеріне қатысты кез келген шектеу жаңа дамып жатқан бизнеске кедергі келтіреді. Алда жүргізуші куәлігі жоқ адамдар амалсыз олардың қызметінен жаппай бас тартады. Оның орнына дүкенге барып, соны өз меншігіне сатып алады. Себебі кикшеринг компанияларының электрлі самокаттар­дың әрқайсысының жеке нөмірі бар, сол арқылы есепке алынады, бақыланады, оларда жылдамдықты шектеуге болады. Ал өз меншігіндегі осы құралды азаматтар жылдамдығын еш шектемей, көңілі қалағанша айдай алады. 

Бұдан бөлек, автомобиль жүргізетін қазақстандықтардан емтихан алып, жеке куәлік беруге қолданыстағы мамандан­дырылған ХҚКО (автоцондар) үлгермей жатыр. Енді оларға электрлі самокатшылар қосылса, салада биылғы жазда коллапс пен дүрбелең басталуы мүмкін. 

Сол себепті бірқатар депутат жылдам­дықты төмендету орнына жүргізушінің жеке басын сақтандыру жүйесін енгізуді ұсынды. 

«Сақтандыру тек постфактум, яғни жолда төтенше оқиға болған соң ғана оның зардабын өтеуді қарастырады. Ол кезде балалардың, қариялардың қолы және басқа жерлері сынып болады. Сақтандыру жарақат алған адамның көңілін демей ме? Бұл жерде бірінші кезекте жүргіншілер туралы сөз болып отыр. Бәлкім, біз шеринг компания­ла­ры­мен бірге отырып, болашақта сақтандыру мәселесін де қарастырармыз», – деп жауап берді депутат Е.Смышляева. 

Қорыта айтқанда, жаңа заң жүргін­шілердің талабын аяқасты етті. Оларға өзін-өзі қорғауға, жарақат алса, сол үшін өтемақыны электрлі самокатшыдан немесе шеринг компаниясынан өз күші­мен өндіруге тура келмек. Өйткені сақтан­дыру өтемақысына депутаттар қарсы болды. 

Білгірлер электрлі самокатшылар ту сырттан, тұтқиылдан соққы бермеуі үшін жаяу азаматтарға тротуарларда тек түзу жолмен жүруге кеңес береді. Себебі шайқала басып жүрсеңіз, артыңызда құйындай ұшып келе жатқан электрлі самокатшы кілт бұрылып үлгермейді. 

Бірақ депутат мырзалар бұлардың жүргінші жолдарын, яғни ен жайлауын заңдастыруға бармас бұрын, ең алдымен түзу траекториямен жүре алмайтын, тротуарда асыр салып, жан-жағына үнемі алаңдайтын балалардың қамын ойлауы тиіс еді. Төніп келіп қалған көлік түріне тез үн қатып, жол жиегіне лезде ыршып түсе алмайтын қариялардың жайын ойлауы қажет еді. Мәртебесі бойынша жаяу жүргіншілерге теңестірілген, сондықтан тротуарлармен қозғалатын мүгедек арбасындағы ерекше адамдарға да қауіп төнетініне бас қатырғаны абзалырақ. Бар назары сәбиінде болып, арбасын ілгері сүйреген аналардың жағдайын есте сақтауы шарт еді. 

Елдос СЕНБАЙ