Ол 200 мың рубльге келіскен.
«200 мың рубль береміз»: «Вагнер» жасағында соғысқан Қазақстан азаматы Украинада сотталды
1,580
оқылды

Украина соты Қазақстан азаматын 9 жылға бас бостандығынан айырды. 25 жастағы Шыңғыс Сейпиевке «Вагнер» жасағы сапында ұрыстарға қатысты деген айыппен үкім шыққан, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

КТК телеарнасының мәліметінше, Сейпиев Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Аққұдық ауылында туған. Ол «Вагнердің» құрамына Түмен қаласының №2 түзеу колониясында жазасын өтеп жатқан жерінен өткен. «Келісімшартқа қол қоятын болсаң, соттылығыңның күші жойылып, 200 мың рубль береміз» дегенге келіскен. Түзеу мекемесінен шығарып алғаннан кейін, «Ростов облысындағы оқу-жаттығу лагерінде әскери дайындықтан өттім» дейді өзі. Содан кейін ғана Бахмут маңындағы қақтығыс аймағына жіберіліп, сол жердегі ұрыс алаңында тұтқындалыпты. 

Шыңғыс Сейпиев: «Вагнермен» жарты жылға келісімшартқа қол қойдық. Сосын 200-ге тарта адамды әскери жүк көлігіне тиеп полигонға алып барды. Ол жақта үш апта әскери жаттығудан өттік. Бізге автомат, пулемет пен гранатаны қалай қолдануды үйретті. Сөйтіп,  араға он күн салып соғыс ошағына алып келді. Сол жерде Украина әскерінің қолына түсіп қалып, тұтқындалдым. Қазір мені 9 жылға соттады. Өз жауынгерлеріне айырбас ретінде Ресейге қайта жіберетін шығар. Мен, бірақ Қазақстанға қайтқым келеді. Туған-туыстарымды сағындым», – дейді. 

Шыңғыс Сейпиев Қазақстанға оралған күнде де жазадан құтылып кете алмайды. Абақтыда жазасын өтеуіне тура келеді. Жеке әскери жасақ құрамына өз еркімен кіргендер елімізде 5 жылдан 9 жылға дейін сотталады. 

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев: «Менің ойымша, аталған адамға қатысты мәселені Сыртқы істер министрлігі пысықтап жатыр. Яғни, бұл тақырып сыртқы саяси ведомство құзыретінде. Басқа елдердің аумағындағы қарулы қақтығыстарға қатысқандарға Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», – дейді.