Көпшілігі Мөлдірді ресейлік танымал әнші Диана Гурцкаяға ұқсатты. Біз жас әншінің өзіне хабарласып, өмірлік ұстанымы мен өнердегі ізденістері жайлы әңгімелестік.
– Әнге деген құлшынысыңыз қалай пайда болды? Бұл өнер сіздің бойыңызға кімнен дарыған?
– Жалпы, әнге деген құлшынысым бала кезімнен бар. Еліміздің эстрада жұлдыздарын тыңдап, әндерін айтып жүрдім, сол кезден бастап өнерге деген ықыласым ашыла бастады. Ал бұл қасиет менің бойыма ана сүтімен дарыған. Анам жас кезінде гитарада, домбырада ойнап, ән салған. Нағашыларым да музыкаға жақын жандар.
– «Қазақстан дауысы» жобасына барған кезде тәлімгерлерді қарата аламын деп ойладыңыз ба? Қазіргі дайындығыңыз қандай?
– Қазақстан дауысына барған кезде өз-өзіме, әніме сенімді болдым. Қарата аламын деген ой болды. Қобалжу сезімі болған жоқ, бірақ әртүрлі ситуацияға дайын болдым. Ал қазіргі дайындығым өте жоғары деңгейде.
–Бұған дейін берген сұхбаттарыңызда «Көзімнің көрмеуі өмірден түңілетіндей жағдай емес. Маған қарап басқалардың мотивация алғанын қалаймын» дедіңіз. Ал өзіңіз мотивацияны қайдан аласыз?
– Мен интернет желісінен өзімнің сүйікті әншілерімнің, кумирлерімнің сұхбаттарын тыңдағанды ұнатамын. Олардың еңбегіне, осы жетістіктерге қалай жеткеніне, жасаған жұмысына қарап қызығамын. Яғни, осыдан ой түйіп, мотивация аламын.
– Сонда сіздің кумиріңіз кім?
– Менің кумирім Димаш Құдайберген, Рухия Байдүкенова және Мархаба Сәби. Маған олардың вокалдық техникалары мен әнді жеткізіп орындайтын қабілеттері ұнайды.
– Жетіген, фортепиано, домбыра, сазсырнай аспаптарында еркін ойнайтыныңызды білеміз. Барлығын бірге алып жүру қиын емес пе?
– Жоқ, барлығын бірге алып жүру қиын емес. Өйткені әр аспапқа деген махаббатым ерекше. Мен үшін әр аспаптың орны бөлек. Керісінше, әртүрлі аспапта ойнау арқылы өзімді дамытамын. Әрі сол арқылы демаламын, рақаттанамын.
– Көру қабілеті нашар балаларға арналған мектепте оқисыз. Ол жақта қандай жағдай жасалған?
–Бұл көру қабілеті нашар балаларға ғана арналған мектеп болғандықтан, бізді «Брайль» әліппесімен оқытады. Ол арнайы нүктелермен жазылған кітаптар. Сонымен қатар мектеп-интернатта барлық жағдай қарастырылған. Жататын жері, тамағы тегін және сабаққа көмектесетін тәрбиешілер де бар.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Бос уақытымда қолөнермен айналысқанды жақсы көремін. Фильмдерді тыңдаймын, ағылшын тілін үйренемін.
– Қандай кітаптар оқисыз?
– Әдеби және тарихи тақырыптағы кітаптарды оқимын. Сүйікті жазушым – Абай Құнанбаев.
– Арманыңыз қандай? Келешекте өнер жолын таңдайсыз ба?
– Иә, келешекте өнер жолын таңдаймын. Қазақты әлемге танытатын, еліміздің атын одан әрі асқақтататын әнші болсам деп армандаймын. Сондай-ақ сүйікті әншілеріммен бірге ән айтқым келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Балжан ЖАНИ,
ЕҰУ студенті