«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатының мүшелері 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында елордадағы «Жас жауынгер» денешынықтыру-сауықтыру клубына барып, ерекше қажеттілігі бар балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Мұнда аталған клубтың негізін қалаушы Садық Байымбетов және өзге де жаттықтырушылар ерекше қажеттілігі бар балаларды аптасына 3 күн тегін жаттықтырады.
«Бұл шуақты мереке қарсаңында «AMANAT» партиясы еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шара ұйымдастырып жатыр. Мәселен, бүгін осы «Жас жауынгер» клубының бүлдіршіндерін қолдап келіп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, партия клуб мүшелеріне тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. Бала құқығын қорғау, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау шаралары сайлауалды бағдарламамызда да жан-жақты қамтылды. Ел ертеңі – бүгінгі бүлдіршіндер. Сондықтан партия балақайларға барынша қолдау көрсетіп, кейінгі жас толқынның жарқын болашағы үшін бар күш-жігерін салуға дайын», – деді партия хатшысы Дәулет Кәрібек.
Бұл жолы клуб мүшелерінің қатысуымен бокс, күрес және кикбоксинг сияқты спорт түрлерінен жаттығу өтіп, онда 60-тан астам бала өз дағдысын, ептілігін сынап көрді.
«Осы клубқа үш жылдан бері келіп жүрмін. Бокс және күреспен айналысамын. Мұнда тек дене шынықтырып қана қоймай, жаңа дос таптық. Осы жерде уақыт өткізген ұнайды. Бүгін де қызықты жаттығу өтті. 1 маусым – біз үшін ең қуанышты әрі жыл сайын асыға күтетін күн. Сондықтан бүгінгі іс-шараға ұйытқы болып, жарқын көңіл күй сыйлаған «Жастар рухына» алғысымды білдіремін», – деді клуб мүшесі Амаль Ескенеев.
Іс-шара барысында клубқа 300 мың теңгенің сертификаты және спорт жабдықтары бар сөмке табысталды. Айта кетейік, Жастар қанатының аймақтық филиалдары мерекеге орай түрлі бағыттағы 30-ға жуық іс-шара кешенін өткізуде. Онда бас-аяғы 1 000-ға жуық бала қамтылды.