Еңбектің шығарылымы белгілі қазақ ақыны, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орайластырылған.
Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім» кітабы өзбек тілінде жарық көрді

Тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім» кітабы Ташкент қаласындағы «Muharrir nashriyoti» баспасынан өзбек тілінде жарық көрді. 

Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім» кітабы қалың оқырмандар тобына қолжетімді болды. Оны өзбек тіліне академик, Өзбекстан жазушылар одағының мүшесі Абдулла Рустамов аударды. Кітап арқылы өзбекстандық оқырмандар көрнекті қазақ ойшылы, ғалым және композитор тұлғасымен кеңінен таныса алады.

Кітапта Шәкәрім Құдайбердіұлының тарихи, публицистикалық, философиялық еңбектері ғылыми және азаматтық ұстанымдар тұрғысынан талданған. Белгілі ақынның отбасы арқылы дала қазақтарының күнделікті тұрмыс-тіршілігі, ұлт тарихы көрініс табады. Кітап авторы терең ғылыми және зерттеу жұмыстарын жүргізген.

Кітап алғаш рет 2012 жылы «Жизнь замечательных людей» сериясымен жарық көрген болатын. ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың бұл еңбегі бұған дейін қытай, түрік, ағылшын және украин тілдеріне аударылғанын айта кеткен жөн.