Енді кезекте бұл олқылықтың орнын «Phenomenal kids» жобасы толықтырады. Жоба мектеп жасына дейінгі балаларға қазақ тілінде танымдық тәрбие беруді көздейді.
Phenomenal kids жобасында қазақша ертегілер, бесік жырлары, әр түрлі баланың танымын арттыруға арналған жаттығулар, бейнежазбалар бар. Жобаның авторы – продюсер Азат Абыкен. Анимациялық туындыларды дыбыстауға Дәурен Серғазин, Данияр Алшинов, Динара Сәтжан, Евгений Чебатков, Қарақат Әбілдина, Луина, Марсел сияқты танымал әншілер мен әртістер тартылған.
– Бұл алғашқы маусым. Келесі екінші маусымды жаңа жылға жоспарлап отырмыз. Бұны барлық платформада тыңдап, көруге болады. Соның ішінде YouTube желісінде қолдануға мүмкіндік бар. Әлеуметтік желіден Phenomenal kids деп теріп, тауып алып, тегін тамашалауға болады. Бұл – осы топтың атынан Қазақстан балаларына сыйлық, – деді жоба авторы Азат Абыкен.
Ал сценарий авторы Нәзира Мұратованың айтуынша, ертегілер балаларды қаржылық сауаттылыққа үйретіп, жеке шекараларын қорғауға баулиды.
Біздің ертегілеріміз сүйіспеншілікке, сезімталдыққа, өзара сыйластыққа үйретеді. Қаржылық сауаттылық пен баланың жеке шекарасы жайында айтылатын оқиғалар да бар. Ертегінің біреуі бала жүрегінен орын алатын болса, бұл біз үшін жеңіс. Шығармалардың барлығы ана, автор ретінде сүйіспеншілікпен жазылған, – дейді сценарий авторы Нәзира Мұратова.
Ал балалар контентінде көп жылдық тәжірибесі бар, атап айтқанда, бұрын «Балапан» телеарнасын басқарған журналист Ләйлә Сұлтанқызы да жобаның жарыққа шығатынына қолдау білдіріп, құттықтады.
Жанель ҚҰТТЫБАЙ