Себебі «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралдық газ құбырының лупингі – мұнайлы өлке үшін стратегиялық мәнге ие жоба.
Инвестициялық жобаны «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарасты QazaqGaz ұлттық компаниясы Атырау облысы әкімдігімен ынтымақтастықта жүзеге асырып отыр.
«QazaqGaz» ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің айтуынша, жоба тікелей Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Себебі бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір Атырау облысы ғана емес, жалпы республика бойынша халықтың, ірі өнеркәсіп орындарының энергетикалық қауіпсіздігін арттыру туралы міндет жүктеген болатын.
«Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралдық газ құбырының лупингі – ең алдымен, әлеуметтік, стратегиялық маңызға ие жоба. Жаңа лупинг жобасы Атырау облысының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Екіншіден, жоба облысты газбен қамтамасыз ету үрдісін сенімді және үздіксіз ету, өндірістік объектілер мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді экологиялық тұрғыда таза отын түріне, яғни табиғи газды тұтынуға көшіруге ықпал етеді. Сонымен бірге, жергілікті тұрғындардың өмір сүру жайлылығын арттыру, еңбек және тұрмыс жағдайын жақсарту сынды міндеттері де бар», – деді «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.
Тауарлы газ өндірісін арттыруды басты мақсат етіп отырған компания үшін «Мақат – Солтүстік Кавказ» газ құбыры лупингі – маңызды жобалардың бірегейі. 30 жылдан астам уақыттан бері қолданылып келе жатқан магистралдық газ құбырының жаңа лупинг жобасының іске қосылуы газ тасымалдау жүйесінің «екінші тынысын» ашады.
Жаңа жобаның ұзындығы 130 шақырымға дейін жетеді. Жылдық қуаты 13,147 млрд м3-қа дейін газ тасымалдауға шақталған.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, мұндай газ тасымалдау қуаты Атырау облысын толықтай газбен қамтамасыз етуге жетеді.
«Атырау облысы – қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Облыс орталығында ғана емес, аудандарда да мектеп, балабақша, көпқабатты тұрғын үйлер сынды әлеуметтік нысандар көптеп салынуда. Бұл газ құбырының жаңа тармағы тұтас облысты газбен кідіріссіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кейде құбырларды жөндеу жұмыстары керек болады, осындайда энергетикалық коллапс орын алмауы үшін де бұл жобаның стратегиялық маңызы зор. Сондай-ақ жоба Атырау облысындағы «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағын үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.
Салада 46 жыл еңбек еткен ардагер Таңбай Наушиев лупинг жобасының маңызы ерекше екенін айтты. Ардагердің пікірінше, «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралдық газ құбырының екінші тармағының іске қосылуы Қарашығанақ, Теңіз, Қашағаннан шығатын газды өңдеп, Қазақстанның ішкі нарығында пайдалану мүмкіндігін кеңейтеді.
«Негізгі құбыр желісінің қолданысқа берілгеніне 30 жылдан астам уақыт болды.
Бұл – өндіріс саласы үшін үлкен мерзім. Әрине, құбыр болған соң ол коррозияға ұшырайды, тот басады. Желі бойында кептеліс, бөгет пайда болады. Жаңа жоба облысты осындай техникалық кедергілерден құтқарып отыр. Әрі жаңа жобадағы газ құбырының диаметрі де қолайлы.
Қазіргідей алмағайып заманда бізге бірде бір текше метр газды жоғалтуға болмайды. Себебі газ – қымбат байлық», – дейді сала ардагері Таңбай Наушиев.
Сала ардагері сөзінің жаны бар. Расымен де, ширек ғасырдан астам уақыттан бері қолданыста келе жатқан газ құбырына 2019 жылы тексеру жүргізілген болатын. Тексеру нәтижесі құбырларда ақаулар барын анықтады.
Егер «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралдық газ құбыры күзгі-қысқы жылыту маусымы кезеңінде істен шығар болса, Атырау қаласы мен облыс тұрғындары бір сәтте газсыз, жылусыз, сусыз қалып, қиын жағдай туған болар еді. Бұған балабақша, мектеп, аурухана сынды әлеуметтік нысандарды қосыңыз.
Сондықтан ішкі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде де «Мақат –Солтүстік Кавказ» магистралдық газ құбырының стратегиялық маңыздылығы зор екенін айта кеткеніміз жөн.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА