Мәжілісте Қазақстан Республикасының елді мекендерінің өңірлік стандарттар жүйесі туралы Үкімет сағаты өтті. Күнтәртібіндегі мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады.
Өңірлерді өгейсітпеудің қамы
630
оқылды

Отырысқа төрағалық еткен вице-спикер Аль­берт Рау 2019 жылдан бастап ел тұрғындарының әлеу­меттік жағдайын көруге мүмкіндік беретін Өңірлік стандарттар жүйесі (ӨСЖ) енгізілгенін айтты. Алайда оның айтуынша, қабылданған шара­ларға қарамастан, бүгінде бірқатар жүйелік, соның ішінде инфрақұрылымдық мәселелер шешімін таппай отыр.

«Қамтамасыз ету деңгейіндегі теңгерімсіздік мәселесі шешілген жоқ. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы қала тұрғындарынан әлдеқайда артта қа­лып, негізгі тауарлар мен қызметтерге қол жет­кізу­дегі алшақтық азаймай отыр. Аумақтардың теңгерімді дамуы және халықтың өмір сүру сапа­сы­ның тұрақты өсуі үшін қажетті жағдай жасау мемле­кеттік және жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті болуы тиіс», – деді А.Рау.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өңірлер әкімдіктерінің, мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары, сондай-ақ өткен жылғы парламенттік тыңдаулардың қорытындылары бойынша ұсыным­дарды ескере отырып, министрлік 2022 жылы Өңірлік стандарттар жүйесін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс атқарғанын атап өтті.

«Нәтижесінде, ағымдағы жылғы қаңтарда ӨСЖ-ге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ӨСЖ көрсеткіштерін есептеуді бағалаудың жаңа әдістемесінің жобасы әзірленді. Нысандар мен қызметтердің тізбесі айтарлықтай кеңейтілді, елді мекендердің қосымша сыныптамасы жүргізілді. Бұдан басқа, ӨСЖ көрсеткіштерін есептеудің жаңа әдістемесіне нысандар мен көрсетілетін қызмет­тердің сапасын сипаттайтын көрсеткіштер қо­сылды», – деп атап өтті министр. 

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңір­лік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов қосымша баяндамасында Өңірлік стандарттар жүйесіндегі кемшіліктерге тоқталды. Оның ішінде ха­лықты нысандармен және қызметтермен қамта­масыз ету сапасын арттыру, жобаларды қаржылан­дыруда жүйеліліктің болмауы, нысандардың құры­лысын кейінге қалдыру секілді мәселелер бар.

«Өңірлік стандарттар жүйесінің келесі кемшілігі – орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар арасында үйлестірілген іс-қимылдың болмауы. Мәселен, көптеген негізгі сала бойынша уәкілетті органдар жұмыс атқарылды деп есеп беріп, одан кейінгі жұмысы жергілікті атқарушы орган­дардың құзыретінде деп жауап береді. Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жағдайы өзекті күйінде қалып отыр. Ауыл мек­теп­тері мемлекет тарапынан ерекше назар ауда­рылуын қажет етеді. Ауыл оқушыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ауылдық және қалалық мектептер арасындағы материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету тұрғысынан алшақтықты жою өте маңызды. Мемлекеттің эко­номикалық қажеттіліктерінен жол құрылысы мен көліктік даму қарқыны айтарлықтай артта қалып отыр. Жергілікті жолдардың сапасыздығы ауылдық аумақтардың арасындағы байланыстың әлсіз болуына алып келеді және олардың экономикалық дамуына кедергі келтіреді», – деді мәжілісмен. 

«Бүгін біз министрдің баяндамасын, пікірлер мен депутаттардың сауалдарын тыңдадық. Жақсы пікірталас болды деп ойлаймын. Барлық ұсыныс ұсынымдарда жинақталады. Оларды апта соңына дейін Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетіне енгізуге мүмкіндік бар. Содан кейін оларды ресми түрде Үкіметке жібереміз», – деп талқылауды қорытындылады Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау.