Қабылдауға барлығы 100-ге жуық адам келді.
«AMANAT» мобильді қоғамдық қабылдаулары Шымкент қаласына және Павлодар облысына барды
732
оқылды

«AMANAT» Мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің өңірлерге сапары жалғасуда. Осы аптада партиялықтар Шымкент қаласына және Павлодар облысына барды. Қабылдауға барлығы 100-ге жуық адам келді.

Шымкентте аманаттықтар жол сапасына қатысты шағымданған Бозарық шағынауданының тұрғындарымен кездесті. Олардың айтуынша, көктем мен күз мезгілінде жауын-шашынның салдарынан Егемен Қазақстан көшесімен жүру мүмкін емес.

«Бұл көшеге 15 жылдан бері асфальт төселмеген. Жаңбыр жауған күні балалардың мектепке, балабақшаға баруы қиындайды. Өзіміз тас төсеп те амалдадық. Алайда, асфальт төселмеген соң жаяу жүргіншілер былай тұрсын, көлікпен жүрудің өзі мұң», - дейді жергілікті тұрғын Жомартбек Найзатаев.

Партияның қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов мәселе жақын арада шешілетінін атап өтті.

«Жергілікті халықтың өтінішін тыңдап, аталмыш көшеге асфальт төсеу жұмысын бес күнде бастауды тапсырдық. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып, мердігер компания анықталған. Енді аз уақыт ішінде Егемен Қазақстанның тұрғындары үшін көптен күткен жол мәселесі оң шешімін таппақ», - деді ол.

Павлодар облысында партиялықтар Солнечный кентіне барды. Тұрғындар бос тұрған коммуналдық пәтерлерді қалпына келтіруді, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізуді, қоқыс жәшіктерін орнатуды және әлеуметтік маңызы бар нысандарға пандустар орнатуды сұрайды.

«Амбулатория ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу қажет болып тұрғанына көп жыл болды. Дәлізде кезек күтіп тұрғанда төбесі құлап кетер ме екен деп қорқамыз. Ол жер емделушілерге де, дәрігерлерге де қауіпті. Айтпақшы, бізде дәрігерлер тапшы, әсіресе тар шеңбердегі арнайы мамандар жетіспейді», - деді жергілікті тұрғын Хадиша Сахаба.

Бұған жауап ретінде мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің мүшелері күрделі жөндеу жұмысы келесі жылы жүргізілетінін, ал биыл жобалау-сметалық құжаттама әзірленетінін айтты. Тар шеңбердегі мамандарға келетін болсақ, Екібастұз қаласының емханасынан айына бір рет кардиолог, невропатолог және эндокринолог, аптасына бір рет гинеколог келіп қабылдау өткізеді.

Осы күні аманаттықтар Құлакөл ауылының тұрғындарымен кездесті. Олар мектеп ғимаратын жөндеуді, су құбыры желілерін сенімгерлік басқаруға беруді, балабақшаға ойын алаңын орнатуды сұрады. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары үшін басты мәселе – кірме жолды жөндеу.

«Жолдың бәрі шұңқырланып қазылып кеткен, асфальттың орнына қиыршық тас салынды. Жолды жергілікті карьерлерден қиыршық тас таситын жүк көліктері бұзады. Жол мұндай ауыр салмақты көліктерге есептелмеген, олар өздеріне арналған техникалық жолды жасап алсын. Осыған байланысты жедел жәрдем тез жете алмайды. Біз Астана мен Павлодар арасында тұрамыз, бірақ жолымыз нашар», – дейді жергілікті тұрғын Ғалым Қасымов.

Осы орайда, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясының депутаты Александр Толмачев Теміржол ауылдық округінің бюджетінен жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін 2,7 млн теңге бөлінгенін, ал жөндеу жұмысы келесі жылы басталатынын айтты.

«Тұрғындардың үлкен қалаларға көшіп кетпей, өз ауылының жағдайына алаңдап отырғаны қуантады. Мұндағы мобильді қоғамдық қабылдаулардың басты міндеті – азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге жәрдемдесу, мемлекеттік органдарға жеткізу және олардың шешімін бақылау. Көптеген мәселе бюджеттен қаражат бөлуге келіп тіреледі. Сондықтан біздің осындай қабылдауларымызға мәслихат депутаттары қатысады», – деп атап өтті «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT»-тың кезектен тыс ХХІІ съезінде партия жұмысын қайта жандандыруды тапсырып, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы керек екенін айтқан болатын. 

Еске сала кетейік, қазақстандықтар өздерін мазалаған мәселелері бойынша «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласа алады:

Сall-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін);

WhatsАpp: 8 700 800 4441;

E-mail: komek@amanatpartiasy.kz.

Қабылдауға жазылу қабылдау өткізілетін күнге дейінгі кемінде 3 күнтізбелік күн бұрын жүзеге асырылады.

Сонымен бірге партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің базасында отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша «111 шұғыл қызметі» арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді.