Қызылордада «АMANAT» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Жер аманаты» жобасы аясында ашық есік күні өтті.
«Жер аманаты»: Қызылордада жер мәселесін талқылады
912
оқылды

Шара барысында партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйла Төрешова «Жер аманаты» жобасының мақсаты, міндеті мен арнайы құрылған «Жер аманаты» облыстық комиссиясы тарапынан өңірде атқаралып жатқан жұмыстарды кеңінен атап өтті. 

 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев өткен жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бос жатқан жайылым жерді қайтаруды және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырған болатын. Осыған орай «AMANAT» партиясының жанынан барлық өңірлерде «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Комиссия жұмысының нәтижесінде өткен жылы еліміз бойынша 5 млн, облыс бойынша 157 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Биыл да облыста мақсатсыз пайдаланылып немесе бос жатқан 200 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарлануда. Қазір осы бағытта ауқымды  жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде комиссия жұмысының нәтижесімен жоспарланған 200 мың гектар жердің 91,1 мың гектары мемлекетке қайтарылып, жоспар 45,5 пайызға орындалып отыр. Бұл жерлер халық игілігіне пайдаланылатын болады»,  деді Қызылорда облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Ләйла Төрешова.

Ашық есік күніне 20-ға жуық тұрғын келді. Олар қосалқы шаруашылыққа жер алу, мал жайылымы үшін алудың жолдары, жер үлесін, кәсіпкерлік мақсатқа жер учаскесін алу, сонымен қатар жеке қосалқы шаруашылық  учаскесі бойынша жер комиссиясының теріс қорытындысына шағымдарын жеткізді. 

Комиссия мүшелері тарапынан әрбір азаматтың өтініші бойынша нақты заңнамалық кеңестер беріліп, мәселені шешу жолдары түсіндірілді.

Ашық есік күні шарасына партия филиалының атқарушы хатшысы Ләйла Төрешова бастаған «Жер аманаты» облыстық комиссиясының мүшелері қатысты. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы