Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата отырысында депутаттарға жаңа сенаторды таныстырды. Сондай-ақ отырыс кезінде «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралып, мақұлданды.
Жалған тауар айналымының жолын кеседі
910
оқылды

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев әріптес­теріне Солтүстік Қазақстан облысынан сайланған жаңа сенатор Әсем Рахметованы таныстырып, оған жаңа жұмыста сәттілік тіледі. Конституциялық нормаға сәйкес Әсем Рахметова ант берді, сондай-ақ, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым тұрақты комитетінің мүшесі болып сайланды.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл Келісім ТМД-ға мүше елдердің мемлекеттік шекаралары арқылы мұндай тауарлардың тасымалдануына жол бермеу жөніндегі шартты қамтамасыз етеді.

«Мақұлданған заң ТМД шеңберінде жалған тауар белгілері мен географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу және жолын кесу үшін қажетті құқықтық орта қалыптастырады. Сол үшін келісім арқылы мемлекеттер тарапынан қабыл­дана­тын бірлескен іс-шаралар мен құқықтық тетіктер айқындалады. Алдағы уақытта келісім қаты­сушы мемлекеттердің зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы әлеуетін арт­тыру­ға оң үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан басқа, Сенат отырысында Қазақстан Республикасының орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингтеу жөніндегі Парламенттік комис­сия­ның құрамына Қазақстан Республикасы Парла­менті Сенатының депутаттарын сайлау туралы мәселе қаралды. Комиссия құрамына әр Палатадан 9 депутаттан мүше болады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Парламентте Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізетін парламенттік комиссия құру жұмыстары қолға алынды. Бұл комиссияның негізгі мақсаты – Президентіміздің реформалары аясында Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді тиімді іске асыруға жәрдемдесу. Оның жұмысына Үкімет мүшелері, халықаралық ұйымдар мен қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес сектор­дың өкілдері және сарапшылар мен ғалымдар қатысып отырады», – деді Сенат Спикері.