Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғыны, жас кәсіпкер Жамбыл Қожахметовтің тың кәсібі көпті таңдай қақтырып жүр. Бүгінде ерекше іске бетбұрыс жасаған іскер жанның жасап шығарған дүниелері тұтынушылардың үлкен сұранысына ие.
Шиелілік кәсіпкер мемлекет қолдауының арқасында «Бизнестің Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 2021 жылы 5 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алыпты. Бұл қаржыға көптен ойда жүрген бизнес идеясын жүзеге асыруға білек сыбана кіріседі.
Оның негізгі жоспарлап жүрген бизнес жобасы – түрлі ингредиентті қосу арқылы жеуге жарамды ыдыс-аяқтар, табақшалар жасау болатын. Стандартты шыныаяқтарды жасауға кәдімгі ұн мен жұмыртқаны және белгілі қоспаларды пайдалануға бел буады. Бизнес жоспарын жүзеге асыру мақсатында арнайы цехты іске қосады.
«Табиғи ингредиенттер арқылы дайындалатын жеуге жарамды ыдыстар жасау көптен бері ойда жүрген жоспарым болатын. Бұл ыдыстармен кез келген жұмсақ тағамдарды жеуге болады. Алдымен 10 минут ішінде ыдысқа салынған тамақты жеп, артынша ыдыстың өзін қорек қыла алады. Біз рецептіні ұзақ уақыт бойына сынақтан өткіздік. Жеуге жарамды ыдыстардың қамыры майлы да, құрғақ та емес. Ыдыстардың дәмділігімен қатар көздің жауын алатын әсемдігі және беріктігі де ескерілді», – дейді тың кәсіп иесі Жамбыл Қожахметов.
Бүгінде цехта айына 10 мың шыныаяқ, 2 000 табақша мен 3 000 сорпа ыдысы шығару қолға алына бастапты. Барлық өнім тұтынушылардың талғамына сай әзірленеді.
Кәсіпкер бір ыдысты дайындау үшін алты ай уақытын сарп еткенін алға тартты. Алғашында стандартты шыныаяқтар жасауды қолға алыпты. Алдағы уақытта жеуге жарамды қасықтар мен шанышқылар шығаруды мақсат тұтып отыр.
«Бизнес идеямды мемлекеттік бағдарлама аясында берілген қаржының арқасында жүзеге асырдым. Негізінен, мұндай ыдыстар Еуропада үлкен сұранысқа ие. Көршілес Ресейде жеуге арналған ыдыс-аяқтарды өндірушілер арасында бәсекелестік жоғары. Бірақ бағасы да қымбат. Сондықтан көпшілігіне мұндай өнімді біздің елден алдыртқан тиімді. Ал бұл бизнес жобаны жүзеге асыру үшін Ресейде серіктестермен бірге арнайы оқу-семинарға қатыстық. Осындай ұзақ ізденістің нәтижесінде цехты ашып, жұмысымызды бастап жатырмыз. Мұндай ыдыс-аяқтарды жасауға көп жұмысшы да қажет болмайды. Бүгінде 4 адам еңбек етеді. Автоматтандырылған цех 24 сағат бойына жұмыс істеп тұр. Жыл бойына үздіксіз өнім өндіруге мүмкіндік бар», – деп ойын толықтырды кәсіпкер.
Кәсіпкер еселі еңбегінің арқасында жеуге арналған ас үй құралдарын жасаудың тың жолын тапқан. Цехта дайындалған ыдыс өнімдер сұйықтық пен жылудың әсеріне төзімді келеді. Сондай-ақ салқын тағамдармен өзінің беріктік қасиетін одан сайын арттыра түседі екен.
Ең бастысы, бұл ыдыстар адам денсаулығына қауіпті емес. Кәсіпкердің айтуынша, тамағыңызды жеп болған соң сыртындағы ыдысты да жей саласыз. Бір жағынан азық әрі артық шығынға ұшырамайсыз.
Мәліметке сәйкес, еуропалық өндірушілер жеуге арналған ыдыс-аяқ өнімдерін түрлі дәммен ұсынады. Оның ішінде десертке арналған ыдыстар шоколад, ваниль немесе құлпынай арқылы дайындалса, ыстық тағамдарға шөптер мен дәмдеуіштер қосады екен. Көбіне жеңіл тағамдар мен десерттерге жеуге жарамды стакандар жасалады.
Кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, күнделікті қолданатын ыдыс-аяқтар жасауды да жоспарлап жүр. Соның ішінде экоыдыстар өндіруді мақсат тұтады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы