Атырау облысында көлік инфрақұрылымын дамыту саласында іргелі жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» автомобиль жолынан бөлек, облыс көлеміндегі маңызы зор бірқатар жол құрылысында күрделі жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
Атырау – алып инфрақұрылым алаңы
1,592
оқылды

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, биыл облыс көлеміндегі көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатына 22,9 миллиард теңге бөлініп отыр. Нәтижесінде, 32 елді мекенде 120 шақырымға жуық автомобиль жолдарын жөндеу жоспарланған.

«Қазір негізгі жұмыстары 2019 жылы бас­талған облыстық маңызы бар «Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз» автомобиль жолының «Индер – Қарабау» аралығын қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жолдың жалпы ұзындығы 87 шақырымды құрайды. Сонымен бірге облыстық маңызы бар «Құрманғазы – Приморье – Утеры– Котяевка» автомобиль жолы (0-29 учаскесі) күрделі жөндеуден өтуде. Құрманғазы ауданына қарасты «7-разъезд – Асан – Азғыр – Балқұдық – Сүйіндік» (0-36 учаскесі) автомобиль жолын орташа жөндеу жүргізіліп, аудандық маңызы бар 43 шақырымды құрайтын «Ақкөл – Қызылоба – 4-разъезд – Қиғаш» автомобиль жолы қайта жаң­ғыр­тылуда», – дейді облыс әкімінің орын­басары Қайрат Нұртаев.

Шынын айту керек, «Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз» автомобиль жолы құрылы­сының облыс үшін маңызы ерекше. Соңғы деректерге қарағанда, тек Индер, Қызылқоға аудандарының өзінде халық саны 63 560 адамды құрайды екен. Талай жыл бойына жол азабын көріп келген аудан тұрғындары үшін «Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз» автомобиль жо­лының қайта жаңғыртылуы үлкен серпін беріп отыр. Себебі бұл жол толық аяқталып, қолда­нысқа берілген жағдайда, аталған аудан тұрғын­дарының Атырау қаласымен бірге, іргелес жатқан Батыс Қазақстан облысымен де бай­ланысы нығаяды. Сарапшылар бұл жолдың толықтай қолданысқа берілуі – көршілес Батыс Қазақстан облысымен тауар айналымының өсуіне, кәсіпкерліктің дамуына жол ашатынын айтады.

Бұдан бөлек, екінші мәселе бар. Әсіресе, Қызыл­қоға ауданы халқы мал азығын, яғни жемді қазір Батыс Қазақстан облысынан тасы­малдап отыр. Бір ғана Қызылқоға ауданында 400-ден астам шаруа қожалығы бар. Шаруалар мал азығын да­лалық жолмен тасып жүргендіктен, жол азабын жақсы біледі. Сондықтан «Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз» автомобиль жолы құрылысын қайта жаңғырту жұмыстарының қарқын алуы – үлкен өзгерістерге қадам деп толық айта аламыз. 

Тағы бір ерекше атап өтерлік мәселе, маусым айында «Миялы – Ойыл» автомобиль жолының 18 шақырымына күрделі жөн­деу жұмыстары бас­талады. Бұл қызылқоғалық­тар үшін үлкен жаңалық болып отыр. 

Қазір мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің нәтиже­сінде «Мия­лы – Ойыл» автомобиль жолы құ­ры­лысы жұ­мыс­та­ры­на «Маңғыстау жол құры­лысы материалда­ры комбинаты» ком­па­ниясы­мен келісімшарт жасақ­талып отыр. Оған қосымша ау­дан­дық маңызы бар «Мия­лы – Тай­сой­ған» жо­лы­на күр­делі жөн­­деу бас­та­лады. Жал­пы ұзын­ды­­ғы 50 ша­қы­­­рым­­ды құ­­рай­­тын авто­мо­­биль жо­лын күр­­­делі жөн­­­деу жұ­­мыс­­­тарын жүр­­­гі­зе­тін мер­­­­­дігер ме­ке­­мені анық­тау мақ­сатында ашық конкурс жарияланып отыр.

Бір ғана Атырау қаласы бойынша биыл қала іргесіндегі ауылдарға 108 шақырымнан астам асфальт жол төселеді деп күтілуде. Жол төселетін ауыл­дардың қатарында «Балауса» және «Заро­слый» елді мекендері де бар. Жол жөндеу жұмыс­тары қыркүйек айына дейін аяқталуы тиіс. Одан бөлек, жалпы, Атырау қаласы бойынша төрт ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның қа­тарында Жастар көшесінің реконструкциясы бар. Ұзын-дығы шақырымды құрайтын жол құрылысы «Көктем» базары мен Еркінқала ауылындағы соңғы аялдама аралығын қамтиды. 

Екінші жобаның жалпы ұзындығы – 2,8 ша­қырым. Жастар көшесінен басталатын жоба Сарықамыс шағынауданы арқылыƏӘбілхайыр хан даңғылымен түйіседі. Үшінші жоба – Нұрсая ша­ғынауданындағы Әбілхайыр хан мен Бейба-рыс даңғылдарын байланыстыратын жаңа жол. Төртінші жоба – Бейбарыс даңғылынан «Аты- рау – Астрахань» автомобиль трассасына шығып, Самал шағынауданы арқылы өтеді. Оның жалпы ұзындығы – 3 шақырым шамасында. Нәти­же­сінде, бұл жобалар Атырау қаласының оңтүстік-батыс бөлігі мен солтүстік-батыс арасындағы байланысты жақсартады.

Мамандар Атырауда жолдарды жөндеу жұмыстарының қарқынды атқарылып жатқанын айтты. Мәселен, былтыр Атырау облысы бойынша жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатына 35,8 млрд теңге бөлінді. Оның ішіндегі 4,8 млрд теңге жергілікті бюджеттен жұмсалған қаражат. Тек былтырдың өзінде облыстық маңызы бар 201 шақырым автомобиль жолдары жөнделді. Қазір облыс көлеміндегі жолдың 72 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Бұл жалпы жолдың 1387 шақырымын құрайды. 

Еске сала кетелік, Атырауда облыс көлеміндегі жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 3 052 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы – 1 125 шақырым. Ал облыстық және аудандық маңызы бар жолдың ұзындығы – 1 927 шақырымға тең. 

Ал жол жөндеу құрылыстары нәтижесінде ашылып жатқан жаңа жұмыс орындары, жол бойындағы бизнес нысандар – өз алдына ау­қымды талдауды қажет ететін жағымды тақырып. Бастысы, осындай қарқынды жұмыстардың артында адам, адамның әлеуетін жақсартуға арналған капитал тұр. 

Атырау облысы әкімдігінің баспасөз-қыз­ме­тінен білгеніміздей, биыл жол жөндеу жұмыс­тары аймаққа қарасты жеті ауданды толық қамтиды. Нақтырақ айтқанда, Махамбет ауданы бойынша ауылішілік автомобиль жолының екінші кезеңі басталады, Мақат ауданындағы Доссор кентінде кентішілік автомобиль жолы қайта жаңғыр­тылады. 

 Құрманғазы ауданындағы Ақкөл, Дәшін және Затон ауылдарының кірме және ауылішілік жолдары жөндеуден өтеді. Облыс орталығынан ең шалғайда орналасқан Қызылқоға ауданындағы Сағыз, Кенбай, Мұқыр ауылдарының жолдары қайта жаңғыртылады. Миялы ауылішілік жолды күрделі жөндеу және Сағыз ауылы жолының құрылысы жалғасады. 

Индер ауданы бойынша Өрлік ауылішілік автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтеді. Исатай ауданында Тұщықұдық, Исатай, Зинеден, Аққыстау ауылдарының автомобиль жолдары қайта жаңғыртылады. 

Жылыой ауданы бойынша Құлсары қаласы «Атырау» шағынауданы және Ақкиізтоғай ауыл-ішілік жолдарының құрылысын жалғастыру жоспарланып отыр. 

Көлік инфрақұрылымын дамытуға бағыт­талған осындай ауқымды жұмыстар нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 76 пайыз­ға дейін жетеді деген жоспар бар. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА