Әуел баста 3 гектардан басталған өрт санаулы күн ішінде 60 мың гектар алқапқа жайылды. Бұл туралы Aikyn.kz «Хабар24» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Екі аптаның ішінде Семей орманы резерватында екі бірдей өрт шықты. Алғашқысы 3 500 гектарға жетіп тоқтады. Соңғысының арыны қиын. 8 маусымда Батпаев орманынан басталып, әлі тарап жатыр. Камышенка, Каштак, Успенская орманшылықтарына өтті. Темірлан Көпбаев – орман іргесіндегі Поднебесный ауылына от тимесін деп жанталасқандардың бірі.
Жалынның сағаттап өршігенін көзімен көрді.
Өрт сөндіруші Көпбаев Темірлан: «Жел соғады да қайта лаулап жанады. Қарап тұрсаңыз, бірден өте шығады жаныңыздан болды. Орман ішінде қалып қаласыз», – дейді.
Әп дегенде 30 адам жұмылдырылса, қазір бұл көрсеткіш 50 есе артты. Екпінді жел, аптап ыстық, құм басқан жол. Осының бәрі отты үдете түсті. Нұрболат Дербісов: – Бірінші кезде өрттің пайда болуы күн бұлт болып, найзағай тұрған болатын, сол найзағай себебінен өрт тұтанған. Қарағайлы орман түбіндегі ауылдан маза қашты. Үш үй жанып кетті. Ержан Нұркәрімовтің баспанасынан қалғаны – осы. Өзі ол сәтте үйде болмапты. Әкесі қараша үйдің жанғанын төбе басына шығып қарап қана тұрған.
Ержан Нұркәрімов, Барышевка ауылының тұрғыны: «Үйім, құжаттарым жанып кетті. Дүние-мүліктің бәрі жанды. Киім-кешек жанды, қояндар жанды, тауық жанды. Бар үлгергеніміз үлкен қара бас малды шығарып және техника алып үлгердік», – дейді.
Каштак, Барышевка Успенка сияқты бірнеше ауылға қауіп төнді. Сондықтан ондағы ел Семей мен Бородулиха ауылында ашылған эвакуциялық пунктке жеткізілді. Алексей Белов – орман шаруашылығында тракторшы. Көлігімен от ортасында қалып қойған. Бастапқыда жерлестері оны мерт болды деп санаған.
Алексей Белов, Успенское ауылының тұрғыны: «Мен от ортасында қалып қойдым. Ондайды бұрын-соңды көрген жоқпын. Бет қаратпайды. Тракторды тастап қашпақ та болдым. Ақыры техниканы да алып шықтым, өзім де аман құтылдым», – дейді.
Өрт басталған күні 14 орманшыдан хабар үзілді. Алдымен үшеуінің денесі табылды. Қалғаны аман болар деген үміт бар еді. Ақталмады. Бәрі бақилық болды. Біреудің ағасы, біреудің әкесі, біреудің анасы. Тіпті, әкелі-балалы азаматтар да көз жұмды.
Евгения Кузьмина, марқұмдардың туысы: «Қайтыс болғандар арасында менің ағам мен оның баласы бар. Ағам енді ғана зейнетке шығып еді. Бауырым қыршыннан қиылды. Ішім удай ашып, көңілім құлазып тұр», – дейді.
Айта кетейік, Президент бүгін жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады.