Жиынға келгендер өңірдегі оқу орындарының академиялық әлеуетін арттыруға бағытталған жобаның алғашқы нәтижесі қандай болғанына көз жеткізді.
Astana IT University ғимаратында өткен кездесуге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев, Coursera компаниясының бас атқарушы директоры Джефф Маджонкальда, BMG Upskill компаниясының басшысы Рауан Кенжеханұлы мен Coursera өкілдері қатысты.
Coursera – Стэнфорд, Йель сияқты әлемдегі ең таңдаулы деген 170 университеттің оқу курстары мен Google, Microsoft, META секілді алпауыт 75 компанияның маман дайындау және біліктілікті арттыру курстары жинақталған кешенді білім беру платформасы. Сапалы білім мен тұрмысқа, қызмет барысына қажет дағдыларды кеңінен тарату мақсатында әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындары мен технология алыптарын біріктірген ірі білім беру ұйымы. Бұл платформаны әлемнің 200 елінде 110 млн адам қолданады. Компания басшысы Джефф Маджонкальда жиында білім беру жүйесінің болашағы мен еңбек нарығындағы мүмкіндіктер, өзгерістер, жаңашылдықтар туралы айтты.
«Жоғары оқу орындары студенттерінің цифрлық дәуірде өркендеп, дамуына қажетті маңызды дағдыларды үйрету үшін Ғылым және жоғары білім министрлігімен күш біріктіргенімізге қуаныштымыз. Бұл ынтымақтастық еңбек нарығында сұранысқа ие машықтарды дамытатын білім беру бағдарламаларына сұраныс бар екенін көрсетеді, сондай-ақ Үкімет пен жоғары білім беру жүйелері Coursera көмегімен бүкіл студенттер контингентін кәсіби дағдыға үйрете алатын тиімді модель ретінде қызмет етеді. Coursera жобасының аясында бірқатар зерттеу жүргізіп келеміз. Сонда байқағанымыз, бүгінде жұмысқа орналасуға ниетті жас маманнан жоғары оқу орнында оқыған негізгі мамандығының дипломымен қатар замана ағымына жылдам бейімделгені, жаңа дәуірдің машықтарын уақытылы меңгергені талап етіледі. Мәселен, қазір жұмыс берушілер кез келген маман иесінің кәсіби білікті болып қана қоймай, үлкен деректермен, жасанды интеллектпен жұмыс істеу, ұжымдық іс-шараларды ұйымдастыру, әлеуметтік желілердің тиімді тетіктерін меңгеру сынды машығының болғанын құп көреді. Бұрынырақта дүниежүзі бойынша таланттар тең үлестірілген, тек мүмкіндіктер әртүрлі болды деп келсек, бүгінде баршаға бірдей мүмкіндік жасалған. Өйткені жұмыс берушілер компаниясына лайықты маманды әлемнің түкпір-түкпірінен іздеп таба алады. Coursera платформасында заманауи дағдыларды үйренуге мүмкіндік беретін алдыңғы қатарлы оқу орындары мен технология алыптарының курстары топтастырылды», – деді Джефф Маджонкальда.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде білім беру жүйесіндегі инфрақұрылым тапшылығын толыққанды шешу мүмкін емесін айта келе, толыққанды онлайн немесе аралас білім беруді дамытудың маңызына тоқталды.
«2025 жылға қарай студенттердің саны 800 мыңға көбейеді деген болжам бар. Бүгінгі 600 мыңнан астам студент үшін 200 мың аудиториядағы орын мен 55 мың жатақханадағы орын тапшылығы бар. Әлбетте, бұл мәселені шешу үшін мемлекет қыруар қаражат бөліп жатыр. Әйтсе де, инфрақұрылым тапшылығын түбегейлі шешу мүмкін емес. Өйткені студент саны жыл санап өсіп жатыр, бұл көрсеткіш 800 мың, миллионға жеткенде аталмыш проблемамен қайтадан бетпе-бет келеміз. Сондықтан білім беруді толықтай онлайн немесе гибридтік, яғни аралас жүйеге көшіру – заманауи тренд емес, алғышарт. Сол арқылы инфрақұрылым тапшылығын шешуге мүмкіндік туады», – деді министр.
«Coursera қазақ тілінде» жобасы аясында әлемнің ең үздік профессорларының курстары қазақ тіліне аударылып жатыр. Бұл жұмыс Coursera-ның техникалық және әдістемелік қолдауына сүйене отырып жүзеге асырылуда. Қазір 50 курс қазақ және орыс тілдеріне толықтай аударылып, платформаға жүктелген және келесі 50 курстың аудармасы аяқталып, платформаға жүктеліп жатыр. Аударма жұмысы жалғасады.
«Бүгінгідей жаһандану мен цифрландыру жағдайында халықаралық еңбек нарығындағы бәсекенің артуы ұлттық білім беру жүйесінің ашық әрі бәсекеге қабілетті, үздіксіз оқу мен кәсіби дағдыларды дамытуға жол ашатын икемді үлгісіне қажеттілік тудырды. «Coursera қазақ тілінде» жобасы аясында әлемнің ең үздік профессорларының курстарын қазақ тіліне аударуды бастадық. Бұл – еліміздің болашағы, тіліміздің әлеуеті, білім сапасын көтеру тұрғысынан өте маңызды бастама», – деп толықтырды Саясат Нұрбек.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан «Coursera қазақ тілінде» жобасы аясында қазақ тіліне 654 курс аударылып, еліміздегі 25 өңірлік жоғары оқу орнының 19 300 студентке осы курстардан өту мүмкіндігі беріледі. Қазір бұл университеттерде жалпы саны 155 мың студент білім алады.
«Бұл жоба қазақстандық студенттерге заманауи білім алып, жаңа трендтерді меңгеруге жол ашады, еңбек нарығында жоғары білікті және сұранысқа ие маман атануына, сондай-ақ қазақ тілінің өзектілігін арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Биыл түлектердің 75 пайызы қазақ тілінде ҰБТ тапсырды және бұл әлемдік үздік курстардың мазмұнын қазақ тіліне аудару сұранысқа ие екенін көрсетеді. Әрі бұл көрсеткіш жыл санап арта түседі», – деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев.
Қазір аймақтық 25 оқу орнының студенттері жалпы 26 мыңнан аса курсты аяқтады. Соның ішінде курстарды
11 358-і – қазақ тілінде, 8 653-і ағылшын, 6 096-ы орыс тілінде өткен. Қазақстандық студенттер арасында «Кәсіпкерлік: кәсіптің негізін қалау», «Командаларға жетекшілік ету: көшбасшы ретінде даму», «ХХІ ғасыр жұмыс орнындағы қарым-қатынас», «Кәсіби және жеке өнімділікке арналған уақытты басқару», «Инженерлерге арналған дифференциалдық теңдеулер», «Проблеманы тиімді шешу және шешім қабылдау» деп аталатын курстар жоғары сұранысқа ие болды.
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамсыздандыру» мамандығын оқып жатқан студент Сағыныш Мұратбекқызы Coursera платформасында курстар жаңа әрі заманауи дағдыларға үйрететінін айтады.
«Бұл білім алаңының берері көп. Онда әртүрлі сала бойынша түрлі-түрлі тақырыпта курстар бар. Әрі білім алып қана қоймай, шетелдегі белгілі де беделді жоғары оқу орындарының сертификатына ие боласың, бұл үлкен мотивация береді. Курстардың мазмұны жинақы, пайдалы, көп үйренген сайын қызығушылығым артып жатыр. Бұл платформада контентті тез қабылдауды үйрендім. Алдағы уақытта да бірқатар курс оқитын ойым бар. Болашақтағы мамандығымды толықтыратын курстар көп білім мен тәжірибе сыйлайтынына сенемін», – дейді студент.
Coursera 200-ден аса мемлекетте жоғары халықаралық талаптарды сақтай отырып жұмыс істейді. Платформада барлық сала мен бағытты қамтитын жалпы саны 10 мыңнан аса курс бар. Coursera-ның Қазақстандағы жергілікті ресми серіктесі – BMG Upskill компаниясы. Бұл ұжым COURSERA-QAZAQSTAN платформасын дайындап, өңірлердегі университеттерде Сoursera бөлімдерін құрды.
Кездесу барысында «Coursera курстарын оқу процесінде қолданатын үздік халықаралық университеттердің тәжірибесі» тақырыбындағы уоркшоп өтті. Жиын Courserа платформасындағы курстан сәтті өткен студенттерді марапаттаумен аяқталды.
Айдана НҰРМҰХАН