Онкологиялық дертке шалдыққан ақмолалықтардың жағдайы мүшкіл. Химиялық терапияға арналған дәрі-дәрмек үнемі жетіспейді. Қажетті препараттар айлап келмей қалып, науқастардың ауруы асқынып жатады.
Дертке шипа дәрі тапшы
750
оқылды

Бір қызығы, қасқалдақтың қанынан қат болып қалған дәрі-дәрмек дәріханаларда толып тұр. Бірақ оны сатып алу халықтың қалтасына салмақ. Себебі бір ғана курсының бағасы 700 мың теңгеден асып жығылады.

Қауіпті жағдайды бастан кешіп, онко­логия­лық дертке дауа іздеп шарқ ұрған науқастар мен олардың жақын-жуық туыстары дабыл қақты. Олардың айтуынша, химиялық терапияға арналған дәрі-дәрмектердің тапшылығы бір­не­ше айға созылады. Ауруы жанына батқандардың кейбірі  құны қымбат дәріні дәріханалардан сатып алуға мәжбүр болған. 

Көкшетау қаласының тұрғыны Наталья Анфимованың әкесінің онкологиялық науқасқа шалдыққаны өткен жылдың қазанында анық­талыпты. Бірақ  әкесінің денсаулығы үшін қымбат бағадағы дәріні сатып алған. 

–  Сүйекте метастазы бар бүйрек рагын анықтады. Біз мамыр айына дейін тегін дәрі-дәрмектерді уақытылы алып тұрдық. Бірақ өт­кен айда химиялық терапияға арналған пре­параттар болмай қалды. Бір курсқа арналған дәрілерді өзіміз сатып алдық. Бағасы 712 мың теңгеге шықты. Дәрілер таусылып бара жатқан соң онкологиялық диспансерге барып сұрасақ алдағы екі айда дәрілердің болмайтынын айтты. Айтуларынша, дәрі сатып алуға өтінім тек мамыр айында ғана жолданған. Ал өтінім жылдың басында жіберілуі керек болған, – дейді ол. 

Әкесінің денсаулығы үшін шыр-пыр болған Наталья онкологиялық диспансер басшы­лығынан бастап облыс әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасына дейінгі мекемелердің  табалдырығын тоздырған. Бірақ еш нәтиже болмапты. Бірақ әлеуметтік желілер мен БАҚ-та мәселе көтерілгеннен кейін қажетті дәрі-дәр­мектің табылғанын айтып өздері хабарласқан екен. 

– Облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігеріне кірдім. Медициналық және фар­мацевтикалық бақылау департаментіне де жаздым. Олар тексеріс жүргізетінін айтқан. Бірақ нәтиже болмады. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы дәрі-дәрмектің жетіспеу­шілігін науқастардың көбеюімен байланыс­тырды. Сәуірде дәрі таусылып қалатындай аурулардың осыншалықты көбейіп кеткеніне сенбеймін.  Біреулердің салғырттығынан әкем­нің зардап шеккенін қаламаймын. Ол кісі былтыр ғана зейнетке шыққан. Әкем дәрісін ішпе­ген кезде ісігі ұлғайып, жағдайы қиындап кетті. Мәселе әлеуметтік желілер мен БАҚ-та шу болғаннан кейін шешіліп,  ертесі күні-ақ дәрігерлер дәрі-дәрмек келгенін хабарлады. Дәрі-дәрмек келгенімен, бұл дәрілердің жа­на­ма әсері болып, қайта дәрігерге қарал­уы­мызға тура келіп тұр, – дейді Наталья Анфимова.  

Ұзақ уақыт бойы жақындары онкологиялық дертке душар болғандар да дәрі-дәрмектің үнемі таусылып, тіпті мүлде болмай қалуынан зардап шегетінін айтады. Ақмолалық Ольга Салова жұбайының бес жылдан бері дәрі-дәрмектің жетіспеушілігінен көптеген қиын­дықты бастан кешіргенін жеткізді. 2018 жылы жұбайының бір бүйрегін алып тастапты. Дәл сол кезде дәрігерлер өкпедегі метастазды анықтаған. Бірнеше жыл бойы дәрі қабылдаған Александрға дәрілер кері әсерін тигізіп, дәрінің тиімділігі төмендегендіктен дәрігерлер басқа дәріні тағайындаған. Алайда дәрі-дәрмектің қат болуынан бірнеше мәрте жұбайы қатты науқастанып, төсек тартып қалған. 

–  Қаланың көп тұрғыны сияқты химиялық препараттарды біз де ала алмай жүрміз. Күшті химиялық препараттар үнемі болмай қалады. Менің жұбайыма химиялық препараттар тағайындалған. Өмірінің соңына дейін дәрі-дәрмекті үздіксіз ішіп тұруы керек. Сәуір айында препараттары таусылып қалды. Дәрі бітуге бір апта қалғанда жұбайым емханаға барған. Бірақ алдағы үш ай дәрі-дәрмек болмайтынын айтыпты. Арада  үш күннен кейін күйеуім төсектен тұрмай, жатып қалды. Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасына жаздым. Олар шағымның қарастырылып жатқанын хабарлады. Осыдан кейін дәріханадан хабарласып, дәрі-дәрмекті алып кетуімізді сұрады. Дәріханаға барса, басқа біреуге беріп қойғанын айтып, құр қол тағы қайтарып жіберіпті. Одан кейін тағы шағымданып, арада бес күннен соң дәріханадан дәріні алдық. Таусылуға таяу қалғанда тағы барса, дәрі әлі түспегенін, осыған дейін бергені бұрын қалып қойған қорап екенін айтыпты. Содан тағы екі апта бойы дәрісіз төсек тартып кеше ғана дәрі алдық. Енді тағы дәрі болар-болмасын білмей­тінін айтыпты. Міне, осындай жағдай, –дейді Ольга Салова есімді қала тұрғыны.

Құрамына онкологиялық диспансер де кіретін Ақмола облыстық көпбейінді ауру­хана басшылығы химиялық терапияға арналған дәрі-дәрмектің жетіспеушілігін онкологиялық дертке шалдыққандар санының ұлғаюымен байланыстырды. Аурухана медициналық сақтандыру қорына қосымша дәрі-дәрмек жеткізуге өтінім берген. 

– Медициналық ұйымдар «СК-Фарма­цияға» белгілі бір мөлшерде өтінім береді. Бұл тұтас республика аумағындағы жалғыз дистрибьютер екенін білесіз. Наурыз айында дәрі-дәрмекпен қосымша қажеттіліктерді қамта­масыз ету үшін қосымша өтінім берілген. Бірыңғай дистрибьютер дәрі-дәрмекті сатып алуы керек. Ал оған шамамен 2 ай уақыт кетеді. Яғни біз дәрілік препараттардың «СК Фар­мацияға», одан кейін емдеу орындарына түсуін күтеміз, – деді Ақмола облысы Денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Нұрлан Ахыл­беков. 

Ал облыстық көпбейінді аурухана дирек­торының орынбасары Болат Әбішевтің ай­туынша, тегін химиялық препараттар тап­шы­лығының зардабын тек бүйрек рагы дертіне шалдыққандар ғана тартып отыр. 

–  Бүгінде бүйрек рагы дертіне шалдыққан 20-ға жуық адам химиялық терапия препарат­тарын күтіп отыр. Басқа диагноздар бойынша дәрілердің кешігуі болған жоқ. Өткен жылдан қалған дәрі-дәрмектер болған. Бірақ биыл науқастар саны шынымен көбейді. Бұл диагноз бойынша шамамен 30 пайызға көбейген. Егер былтыр бұл көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 240 адам болса, биыл 265 адамға өсті. Өткен жылмен салыстырғанда тек соңғы бес ай ішінде ғана стационарда химиялық терапия қабыл­даған науқастардың саны 200 адамға артық, – дейді облыстың бас онкологы Болат Әбішев. 

Онкологиялық диспансердің бас дәрігері онкологиялық аурулардың қалай өршитінін болжау мүмкін еместігін жеткізді. Сондай-ақ қажетті дәрі-дәрмектің науқастарға нақты қашан келетіні де белгісіз болып шықты. Онко­логиялық дәрілердің болмауы себепті ақмола­лық онкологтар химиялық препараттарды басқа облыстардан қарызға алмақ болыпты. 

– Дәрілердің қашан келетіні «СК Фарма­цияға» тәуелді болып тұр. Бірақ қазір біз басқа өңірлерден артылған препараттарды алдырту мәселесін қарастырып жатыр. Бірнеше күнде бізге нақты жауап келуі тиіс. Бұл жалпыға ортақ тәжірибе. Уақытша кепілдікпен алып, сосын кейін  қайтарамыз. Препараттар бір айға бірден беріледі. Дәрілері таусылып бара жатқан науқастарға мүмкіндігінше жедел жіберуге тырысамыз. Жақын арада мәселе шешіледі де­ген үміттеміз, – деп толықтырды Болат Әбішев. 

Дегенмен жақындары дертке шалдыққандар жыл өткен сайын химиялық препараттар тап­шылығы мәселесінің күрделеніп келе жатқа­нына алаңдаулы.  Олар емдеу курсын үзіп не­месе дәріні несиеге алуға мәжбүр болып жатады. 

Жалпы онкологиялық диспансердің дерегі бойынша өткен жылдың он айының қорытын­дысы бойынша облыста 10 мыңға жуық адам онкологиялық дертке шалдыққан. Соңғы бес жылда науқастардың саны 5 мың адамға өскені анықталған. Негізінен сүт безі, өкпе, ішек, асқазан рагы сияқты қатерлі ісікке шалды­ға­тындар көбірек кездеседі. Дәрігерлер  каран­тин­нен кейін жоспарлы шаралар мен тексеріс­тердің тоқтатылуынан жағдайдың ушыға бас­тағанын айтады. Дегенмен дертке шалдық­қандарға дәрі жеткізу мәселесінің  қалай шешілетіні әзірге белгісіз. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы 

Еркебұлан ДҮЙСЕБОЛАТ (коллаж)