Көрменің мақсаты – құснихат өнерін қайта жарыққа шығарып, Мадина Құсайын сияқты тума таланттарды халықтың назарына ұсыну.
«Арқалық қаласының тумасымын. 4 жасымнан бері Астанада тұрамын. Бала кезімнен сурет салу, бояумен бояу, мектептегі бейнелеу өнері сабағына қызығушылығым болатын. Әжемнің арқасында 12 жасымнан бастап ислам әлемі туындыларына деген қызығушылығым оянды. Мектеп және колледж жылдарында әрқашан шығармашылық жұмыстармен айналысқанды ұнататынмын. Плакаттар жасап, спектакльдерге қатысып, оркестрде де өнер көрсеткенмін. 25 жасымда осы бағытқа, яғни құснихат өнеріне толықтай бет бұрдым. Біздің елімізде бұл өнер аса қатты дамымағандықтан, алғашында түрік каллиграфтардың туындыларынан әсерленіп, сол жұмыстарды қайталап жазуға тырыстым. 2020 жылы ресейлік, ирандық каллиграфтардан сабақтар алдым. Құснихат үшін қажетті материалдар мен бояуларды Түркиядан алдыртып отырамын. Бүгінде 200-ге жуық туындым бар. Осы өнердің ары қарай дамуына өз үлесімді қосқым келеді», – деді каллиграф Мадина Құсайын.
Нақыштап көркем жазу, яғни құснихат – дамыған Ислам мәдениетінің ажырамас бір бөлшегі. Түрік халқынан шыққан және кейіннен бір-бір мектепке айналған әйгілі құснихатшылар: Шейх Хамдулла, Ахмед Карахисари, Хафиз Осман, Мұстафа Раким, Махмут Джелаледдин Эфенди, Есаризаде Мұстафа Иззет Эфенди. Осы орайда «Құран Меккеде түсірілді, Мысырда оқылды, Ыстамбұлда жазылды» деген тұжырымдамаға сәйкес, Ыстамбұлдың Осман империясы кезінде әлемнің түкпір-түкпірінен көркем жазу шеберлерінің басын тоғыстырған қала болғанын айта кеткен жөн.
Өте ерте кезеңде 6-10 ғасырларда пайда болған құснихат қаламмен сызылып, жазылады. Қаламы қамыстан, тақтайдан, бамбуктан жасалады. Жазу үшін қолданылатын сиясы оңайлықпен өшпейді. Бір қызығы, қағазға түскен жазу түзетуге келмейді. Бұл өнер қазақ жеріне жат емес. Десек те, қиын-қыстау замандарда көпшіліктің назарынан тыс қалған. Бекзат өнер түрі болып саналатын құснихат Қазақстанда енді дамып келе жатыр.
«2016 жылы Юнус Эмре түрік мәдени орталығының ұйымдастырумен өткен Мухаррем Гөкченнің «Астанада құснихат және каллиграфия күндері» атты көрмесі елорда жұртшылығымен өте жылы қабылданған болатын. Өз кезегінде Юнус Эмре түрік мәдени орталығы үнемі талантты, өнерлі қазақ жастарын қолдап отырады. 2019 жылы «Жастар жылы» аясында орталығымыз тарапынан жас суретші Назерке Кемелбаеваның «Қазақстандықтардың көзімен Түркия» атты жеке көрмесі ұйымдастырылды. Ал 2021 жылы «Оқушыларымыздың қыл қаламымен Түркия» атты үш қазақ суретшісінің көрмесін өткіздік. Енді дарынды каллиграф Мадина Құсайынның осы көрмесі арқылы біз жас буынның көркем жазу өнеріне деген қызығушылығын оятсақ, осы өнерді жалпы халыққа таныстырсақ деп отырмыз. Құснихат өнері шыдам мен талантты талап етеді. Әрі бұл бағытта еңбектеніп жүрген қылқалам шеберлеріміз де аз. Бір кездері қазақ жерінде кеңінен таралып, кейіннен ұмыт қалған осы көркемөнер түрін қайта жаңғыртуымыз керек», – деді Юнус Эмре түрік мәдени орталығының директоры міндетін атқарушы, PhD доктор Алмагүл Исина.
«Қағазда қалған қалам ізі» атты көрмеде қазақтан шыққан тұңғыш әйел каллиграф Мадина Құсайынның «Қылыш», «Қызғалдақ», «Түңгі ай», «Ғалам», «Махаббат», «Көңіл гүлі», «Ғалам» композициясы, «Кемшіліксіз», «Гүлді тапқан көбелек», «Тасбиық» көркем жазбасы сияқты 30 шақты көркемөнер туындысы халық назарына ұсынылатын болады. Көрменің ашылу салтанатына зиялы қауым өкілдері, Қазақстандағы дипломатиялық корпус өкілдері, ҚР Парламент депутаттары мен сурет өнерін сүйетін қауым қатысады.
22 маусымда сағат 15.00-те Хан шатыр ОСО-да өтетін көрменің тұсаукесеріне Астана қаласы тұрғындары мен қала қонақтарына есік ашық. Толық ақпарат және аккредитация үшін: 8 775 693 37 49 хабарласуға болады.