Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының шығармашылық ұжымы республика бойынша «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклін көрермен назарына ұсынып келеді. Осыдан екі жыл бұрын премьерасы өткен қойылым 16, 17, 18 маусым күндері елордадағы «Жастар» театрында сахналанбақ.
Сезім «сапарлап» жүр
1,250
оқылды

«Махаббат, қызық мол жылдар» шығар­масын білмейтін жан кемде-кем. Қазақ әде­биетінің көрнекті өкілі Әзілхан Нұршайы­қовтың қаламынан туған махаббат дастаны өткен ғасырда-ақ өз оқырманын тауып, талай жас жүректің бойтұмарына айналып үлгерген-ді. Ғашықтық сырын қозғап, алуан түрлі сезімді жырлайтын шығарма режиссер Фархад Молдағалидің бүгінгі күнге сай көзқарас, ой-шешімімен жаңаша өрбіп, театрсүйер қауым­ның назарына ұсынылды. 2021 жылдың маусымында Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында шымылдығы түрілген туынды биыл ел ішін аралап, өңірдегі көрерменіне қуаныш сыйлауда. Театр ұжымы аталмыш спектакльмен былтыр Ақтау, Жаңаөзен қалаларында екі мыңнан аса кө­рерменге аншлагпен өнер көрсетіп, баты­с­тың байтақ даласын махаббат жырымен әлдилеген еді. Көрермен сұранысы мен қа­лауын ескере отырып, театр ұжымы ақпан айынан бастап қазақ театрларының арасынан алғаш рет еліміздің барлық қаласын қамтитын  «Сезім сапары» атты тур-спектаклін бастаған болатын. Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қарағанды қалаларын аралап үлгерген сапардың ендігі аялдамасы – Астана.  

«Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклін барлық аймақтағы театрсүйер қауым ыстық ықыласпен қабылдап жатыр. «Театр ұжымы жылына бір-екі рет гастрольге шығып тұрамыз. Алайда арнайы бір спектакльмен республика көлемінде тур жасау тәжірибемізде болмаған. «Махаббат, қызық мол жылдардың» шымыл­дығы түрілген уақыттан бері көрермені үзілген жоқ, ұдайы билет таусылып қалып жатады. Ал­матыға аймақтардан арнайы келген көрер­мендер де көп болды. Қойылымға сұраныс жоғары болғандықтан, «Сезім сапарына» шы­ғамыз деген идея келді», – дейді Фархад Мол­дағали. 

Әр оқырманның, әр көрерменнің өз «Махаббат, қызық мол жылдары» бар. Өз қиялында қалыптасқан Ерболы мен Меңтайы, Танасы мен Заманы, Майрасы мен Зәйкүлі бар. Мұндай таң­даулы туындылардың екінші авторы атануға көп ре­жис­серлер жү­рек­сінеді. Бұл орайда режиссер Фархад Молдағали батыл да сәтті қадам жасай білген. 

«Кез келген идеяны жүзеге асыру, жақсы шығарма­ларды сахналау кезінде оның жастарға әсері, өскелең ұрпақты театрға көптеп тарту туралы жиі ойла­на­мын. «Махаббат, қы­зық мол жылдар» шы­ғармасында тазалық, адалдық бар. Жастарға айтары көп, шы­найы­лыққа үндейді. Әрі ға­шықтық, сезім тақы­рыбы көптің көңіліне әрдайым жағады. Бұл дастан бүгінгі жас­тардың болмысымен астасып, қай ғасырда да албырт көңіл, адал достық, балауса сезім­нің оқиғасы ұқсас болаты­нын көрсете алатын, 

Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының сахна­сына сұранып тұрған туынды болды. Оның үстіне, Әзілхан Нұршайықовтың махаббат хикаясын  сахналау 4-5 жылдан бері ойымда жүрген. Театр басшылығынан да ұсыныс бола қойды. Осылайша, жаңа көзқараспен, заманауи ой-шешіммен бір шығармашылық дүние ұсын­дық. Нәтижесі – бүгінгі көрермен сұра­нысы мен жылы лебізі», – дейді режиссер. 

Көрермен сұранысы жоғары болғандықтан, қазіргі уақытта спектакль ұжымы екі құрамда ойнайды. Дархан Сүлейменов, Гүлбаhрам Бай­бо­сынова, Мақсат Сәбитов, Ерден Жақсы­беков, Толқын Нұрбекова сияқты танымал театр және кино артистері өнер көрсетеді. Әр құраммен қойылым одан сайын түрлене түседі. 

«Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жас­өспірімдер театрына жас артистер қабылданып жатыр. Олардың бірқатары «Махаббат, қызық мол жылдардың» мектебінен өтіп, мол тәжірибе жинақтап үлгерді. Әрі көрерменге жаңа есім, жалындап тұрған жас артистің өнерін тамашалау қызық. Жалпы спектакльдің бір қойылымы ендігісіне ұқсамайды. Бұған көрермен, кейіп­керлердің көңіл-күйі, залдағы атмосфера және тағы басқа түрлі фактор әсер етеді. Әйтсе де, жас талантты артистердің шығармашылыққа деген сүйіс­пеншілігі мен еңбекқорлығы бұл туындыны кө­рерменге жоғары деңгейде жет­кізу­ге мүм­кіндік берді», – дейді Фархад Мол­дағали.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда жастар кітап оқымайды деп жиі сынға аламыз. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры танымал шығармаларды сахналау арқылы жастар арасында сол туындының өзін танытуға ықпал етуге болады деп санайды. 

«Бұл мақсатта көп жұмыс атқарып жа­тырмыз. «Махаббат, қызық мол жылдар» сахна­ланғаннан кейін бұл шығарманың түпнұсқасына қызыққан оқырмандар қатары артты. Я бол­маса, «Алтайдан ауған ел» спектаклін қоятын кезде, Халифа Алтайдың осы шығармасын «Меломан» дүкенінің бір бұрышынан тауып алғам. Тіптен, сатушылар мұндай автордың, яки туындының бар екенінен бейхабар еді. Кейін театрда қойылып, көрермен арасында қызығушылық артты, әлеуметтік желілерде жақсы лебіздер жазылып, оқырман көп сұрап барғаннан кейін, бұл кітапты «Меломанның» елге көрінетін сөрелерінен байқадық, тіптен жеке сөре арнады. Ақберен Елге­зектің «Болмаған балалық шақ» шығар­масы сахна­ланған уақытта автордың кітабы театрдың фойесінде сатылған еді, түгелдей дерлік өтті кетті. Спектакльдің өзінен жақсы әсер алған кө­рермен шығарманың түпнұсқасын оқуға ықыласы артады. Бұған көптеген қойы­лы­мымыз дәлел бола алады», – дейді режиссер. 

Расында Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының жаңашылдыққа жаны құмар. Мәселен, «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымын тамашалауға келген көрерменге әдемі де әсерлі естелік сыйлау үшін «Ашық хаттар» идеясын жүзеге асырған. Сезімді селт еткізер, жүректегіні дөп басар ашық хатта шығармадан алынған ерекше ци­та­талар, Ербол мен Меңтайдың рөлін сом­дай­тын артистердің тілегі мен қолтаңбасы, есте­лік­ке фотосурет бар. Әрі QR код арқылы қо­йылымның бағдарламасын көре аласыз. 

Театрсүйер көрермен мен кәсіби маман­дардың жоғары бағасын алған туындының айтулы сапары әрі қарай Көкшетау, Орал, Ақтөбе, Қызылорда қалаларында жалғасады. 

«Сезім сапары» қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әзілхан Нұршайықовтың биылғы 100 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр. Шығармашылық сапарымызды жыл соңында Семейде қорытындылаймыз. Әрі келесі жылға жоспарлап отырған «Болмаған балалақ шақ» қойылымының турын осы мекеннен бастап кету ойымызда бар. Біздің театрдың жыл сайын бір спектакльді сапарға шығаруға репертуары жетерлік», – деп түйді Фархад Молдағали.

Айдана НҰРМҰХАН