Қазір еңбектеген бала да, еңкейген қарт та әлеуметтік желіні белсенді пайдаланады. Бірақ TikTok сынды желінің стримінде көбінесе боқтық сөздер айтылып, бірін-бірі келемеждейді. Тіпті блогерлер миллиондаған көрермендерін таң-тамаша қылу үшін тікелей эфирде беттеріне сурет салып, ойына келгендерін істейді. Өйткені олар осы арқылы ақша табады, танымал болады.
Дегенмен TikTok желісін пайдаланып жастарға жақсы насихат айтып жүргендер де бар. Десе де ата-аналардың басым бөлігі балаларына осы желіге кіруге тыйым салатындарын айтады. Ал жастар жағы TikTok-тан да тиімді дүние табуға болады деген пікірде.
Ал депутат Аманжол Әлтай тикток желісінің әсіресе жасөспірімдерге зияны көп дейді. Айтуынша, желідегі жағымды-жағымсыз ақпараттарды жеткіншектер сана сүзгісінен өткізбейді. Сондықтан бұған заңмен бақылау жасау керек деп отыр.
“Үкіметте сол сауал берілгеннен кейін 2025 жылдан бастап балалар TikTok желісіне ата-ананың рұқсатымен ғана кіру керек деген секілді осындай жоба қарастырылып жатыр. Осының нәтижелі болуын күтеміз. Өйткені онсыз болмайды”, – дейді Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев.
Депутаттың айтуынша, үкіметке ұсыныс берілген, бірақ тиктокқа шектеу қою жобасы әлі де талқыланып жатыр. Сондықтан әзірге балаларының бос уақытын зая кетірмеуін бақылауды ата-аналар өздері қолға алған дұрыс.