Шығыс Қазақстанға жаңадан әкім болып тағайындалған Ермек Көшербаев өртеніп жатқан орманға барды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әкім өртеніп жатқан орманды әуеден тікұшақпен аралап, өрт ошағын көрді.
«Аймақта екі өрт ошағы тіркелді. Арнайы су төгетін құрылғысы бар тікұшақ әуеге көтерілді. Өрттің таралуына жол бермеу үшін барлық техника мен күштер жұмылдырылды. Өрт сөндіршілердің еңбегінің нәтижесінде, Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының аумағында сағат 6:45-те, ал 14:00-де өрт «Катонқарағай ұлттық табиғи паркі» Ақсу филиалының аумағында оқшауланды. Бүгін мен Риддер мен Черемшанка орман шаруашылығы қызметкерлерімен кездестім. Өкінішке қарай, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесі уақытылы шешімді қажет етеді. Орманшыларда өрт сөндіруге арналған жабдықтар, байланыс құралдары және өрт ошақтарын анықтауға арналған жабдықтар жоқ.
Арнайы диалог кезінде орман шаруашылығы мамандарының барлық ұсынысы назарға алынды. Ғалымдардың қатысуымен біз оны жүйелеп, Үкіметке таныстырамыз. Шығыс Қазақстанда еліміздің орман ресурстарының жартысынан астамы шоғырланған. Сондықтан бүгінде орман шаруашылығын бірінші кезекте орман өрттерін анықтау және алдын алу, браконьерлермен және заңсыз ағаш кесумен күресу бойынша жұмыстармен жарақтандыру қажет. Ең бастысы, орман шаруашылықтары мен ауыл тұрғындарын өрттен қорғау үшін барлық шаралар қолға алынуы шарт. Ең бастысы, орманшы мамандығының беделін көтеру керек», – деді әкім Ермек Көшербаев.
Бұған дейін Ақсу Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының директоры «Тендер арқылы орманшыларға алған арнайы киім, аяқкиім киюге жарамайды» деген еді.
Фото: ТЖМ-нен алынды