Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев атап өткендей, ЖЭО-да партиялық бақылау бекеті ашылып, аманаттықтар нысанды апта сайын тексеріп тұрады.
ЖЭО-да партиялық бақылау бекеті ашылып, аманаттықтар нысанды апта сайын тексеріп тұрады
1,062
оқылды

Өткен аптада «AMANAT» жанындағы Партиялық бақылау комитетінің және Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің мүшелері Қостанай облысының Арқалық қаласына барды. Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаттары Павел Казанцев, Екатерина Смышляева, Берік Бейсенғалиев, Юлия Кучинская жергілікті ЖЭО-ны жаңғырту жұмысының барысымен танысты.

Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев атап өткендей, ЖЭО-да партиялық бақылау бекеті ашылып, аманаттықтар нысанды апта сайын тексеріп тұрады.

«Өткен жылыту маусымының, әсіресе жекелеген өңірлерде қаншалықты қиын болғанын бәріміз білеміз. Әбден ескірген энергетикалық инфрақұрылым өз мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп жатыр. Коммуналдық желілердің тозығы жеткендіктен, ауыр апаттар барлық дерлік аймақтарда орын алуда. Сондықтан ЖЭО-ны реконструкциялау кезінде анықталған барлық кемшілікті жоюға қатысты жұмысты уақтылы және сапалы орындау мәселесі «AMANAT» партиясының тұрақты бақылауында болады. Біз биыл қыркүйек айының соңына дейін Арқалық қаласындағы ЖЭО-тың жөндеу жұмысын аяқтау үшін барлық шараны қабылдауды қамтамасыз етуіміз керек», - деді ол.

Павел Казанцев қазір Мәжіліс депутаттарының жұмысында электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа моделін әзірлеуге, салаға қосымша инвестициялар тартуға және барлық субъекті жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін электр энергетикасына қатысты 3 заң жобасы бар екенін айтты.

Сонымен қатар, аманаттықтар Арқалық қаласының кейбір жылу желілерін ауыстыру жұмысының барысымен танысты. Жергілікті әкімдікте айтылғандай, Ш.Жәнібек көшесі бойындағы ұзындығы 7,2 шақырым болатын жылу желісін тарту жұмысы осы жылдың қазан айына дейін аяқталады.

Еске сала кетейік, бұған дейін «AMANAT» республикалық сайлауалды штабы мүшелерінің Арқалық қаласының тұрғындарымен кездесуі барысында партия Төрағасы Ерлан Қошанов моноқаланы дамыту үшін Үкімет кешенді жоспар әзірлейтінін айтқан еді. Құжаттың іске асырылуына қоғамдық бақылау жүргізуді «AMANAT» қамтамасыз етеді.