Елорда іргесіндегі өртті сөндіруге 2 тікұшақ жұмылдырылды.
«Астана қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімшелері 15 гектар аумақта құрғақ жердегі өртті сөндіру жұмыстарын жалғастыруда. Оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов келді. Өртті сөндіруге Астана қалалық ТЖД жеке құрамының 158 маманы мен 33 бірлік техникасы, сондай-ақ қала әкімдігі мен «Астана орманы» мекемесінің техникасы жұмылдырылды. Өртті сөндіру үшін Қорғаныс министрлігінің екі МИ-17 тікұшағы тартылды. Өрт сөндіру штабы құрылды», – деп атап өтеді аталған департаменттің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, тұрғын үйлер мен орман алқаптарына қауіп жоқ.
«Құрметті тұрғындар, сізден қырағылық танытып, келесі сақтық шараларын сақтауларыңызды сұраймыз: ТЖД және басқа да сенімді көздердің ұсыныстарын орындаңыз; егер сіз сыртта болсаңыз, түтіннен қорғайтын маска киген дұрыс; түтіннің бөлмеге кіруіне жол бермеу үшін терезелер мен есіктерді жабыңыз», – деп ескертеді ведомстводан.
Фото: gov.kz