Атырауда жол апаты өршіп тұр. Өткен аптада Атырауда 10 адам жол апаты салдарынан көз жұмды. Марқұм болғандардың ішінде бір отбасы бар. Көпбалалы әке мен ана жол жүріп бара жатып опат болды.
Тасжол  бойындағы қасірет
875
оқылды

18 маусым күні республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» тасжолында болған жол апаты әлі күнге дейін қоғамда талқыланып жатыр. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жүріп жатқан тасжол бойында Lada Priora мен Yutong автобусы соқтығысып, жеңіл көліктегілер оқиға орнында жан тапсырған. Кейін Атырау облысының полиция департаменті көлікте бір отбасының қаза болғанын хабарлады. Көз жұмғандардың төртеуі – кәмелет жасына толмаған балалар.

Осындай қайғылы жағдай 17 маусым күні де тіркелді. «Доссор – Құлсары – Бейнеу» тасжолында Lada Priora мен Toyota Camry көліктері бетпе-бет соқ­тығысты. Оқыс оқиға салдарынан Lada көлігі өртеніп, 31 жастағы көлік жүргізу­шісі мен 22 жастағы жолаушы машина ішінде тірідей жанып кетті. Toyota Camry көлігіндегі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Аталған көліктің жүргізушісі ауруханада қайтыс болды. Ауыр жаралан­ған тағы екі жолаушы емханада жатыр.

Осылайша, өткен аптаның екі күні қас-қағым сәтте он адамның өмірін қиып кетті.
Атырау облысы полиция департа­ментінің хабарлауынша, жыл басынан бері аймақта 130-дан астам жол апаты болған. Бұл – алты ай ішіндегі ғана оқи­ғалар. Қайғылы оқиғалар салдарынан 38 адам қаза болған. 170-тен аса адам түрлі дене жарақатын алған. Бір қарағанда, қарапайым цифр болып көрінгенімен, әр санның артында адам өмірі жатыр.

Атырау облысының Полиция депар­та­ментінің бастығы Нұрхат Оразбаевтың айтуынша, аймақта әбден жиілеп кеткен жол-көлік оқиғасының барлығы да көлік жүргізушілерінің жолаушылардың өміріне салғырт қарауынан туындап отыр.

«Тасжолдардағы  жол апаттарының барлығы адами фактордан болатыны анық. Оқиғаларды зерделей келе анықталып жатқан себептер де бір-біріне өте ұқсас. Жылдамдықты шамадан тыс асыру, рөлде отырып, ұялы телефон қолдану, маневр талаптарын бұзу, балаларды арнайы құрылғысыз тасымал­дау сияқты факторлар жол апаттарының жиі болуына себеп болып отыр», – дейді Атырау облысының бас полицейі Нұрхат Оразбаев.
Спикер Нұрхат Оразбаевтың ай­туынша, заңсыз такси тасымалының көбеюі де жол апаттарының жиілеуіне себеп болып отыр. «Бүгінде қала мен аудан орталығына жолаушылар тасы­малымен айналысатын заңсыз таксилер көбейді. Жол бойында жарысу, жылдам­дық асыру сияқты фактілер көбіне таксилерге байланысты анықталуда», – дейді Нұрхат Оразбаев.

Мамандар заңсыз такси қызметінің алдын алу үшін қала мен аудандар аралығына автобус тасымалы қызметін көбейтуді ұсынуда. Қазір облыстың көптеген аудан орталығынан авто­бустар белгіленген уақытпен қатынап та жатыр. Тіпті, шалғайдағы Құрманғазы ауданы үшін Атырау қаласымен араға жүрдек пойыз да шығарылды. Бағасы да қолжетімді. Бірақ асыққанда күткісі келмей, такси қызметіне жүгінушілер қарасы азаяр емес.
Атырау облысының бас полицейі Нұрхат Оразбаев жолаушыларды таксиге отырарда оның заңды тасымалдаушы екеніне көз жеткізуге кеңес беріп отыр.

«Көлік жүргізушісінде жолаушыларды сақтандыру шарты, техникалық байқау­дан өткенін растайтын құжат, сапар алдындағы медициналық және техника­лық тексерулер болуы қажет. Қазір заңсыз такси жүргізушілері көбейіп кетті. Жолда тексеру кезінде мұндай жүргізу­шілер жолаушыларды «туыстарым» деп құтыла салады. Арзан жол жүру ақысына қызығуды емес, өмір мен денсаулық қауіпсіздігін ойлағанымыз абзал», – дейді Нұрхат Оразбаев.
Жол-көлік оқиғасының тағы бір себебі, үнемі жолаушы тасымалымен айналысатын жүргізушілердің рөлде ұйықтап кетуі. Осындай апат жақында Атырау облысының Құлсары қаласынан 10 шақырым жерде болған. «Бейнеу – Атырау» бағытында жолға шыққан такси жүргізушісі рөлде қалғып кетіп, апат салдарынан төрт адам қаза тапты. Екі адам түрлі жарақатпен ауруханаға жет­кізілді.

Жүргізуші жауапкершілігі дегеннен шығады, жақында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жол апатының көбеюінің бір себебін атады. Министр автомектепке бармай, өздігінен көлік жүргізіп үйренушілер қатарының көбей­геніне алаңдаулы. Күнделікті тәжірибе көрсетіп отырғанындай, өздігінен көлік жүргізіп үйренгендердің тең жартысы жол бойындағы қанды қырғынға себеп­кер болып жатады екен.

«Бірқатар өңірде жол қоршаулары мен жарық орнату, жерасты және жерүсті жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Жол ережесін бұзуды автоматты түрде тіркейтін камералар жеткіліксіз. Жол-көлік оқиғаларының тағы бір себебі, 2019 жылдан бері авто­көлік саны 3,9 млн-нан 5 млн-ға дейін өсті. Оның ішінде шетелдік тіркеудегі көліктер де бар. Еліміздегі көліктердің жартысынан астамының пайдалану мерзімі 20 жылдан асып кеткен» деген еді министр.

Жол апаты кезінде адамдарды жедел құтқару, өмірін сақтап қалу бәрінен маңызды. Дәрігерлердің пікірінше, ауыр жарақат алған адамға дәрігерлік көмек шұғыл арада көрсетілуі тиіс. Сонда ғана оның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туады. Мұндай күрделі сәтті медицина мамандары «алтын сағат» деп те атайды. «Жол апаты болған кезде жақын маңнан жедел жәрдем көлігі жіберіледі. Дәрігер­лер мұндай шұғыл жағдайларға дайын жүреді. Дегенмен аса ауыр дәрежелі жарақат алдында дәрігерлер де қау­қар­сыз», – дейді Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз-хатшысы Айша Кенжемұратова.

Апат айтып келмейді. Ешбір адам жолға «апатқа ұшыраймын» деп шықпайды. Дегенмен халқымызда «Сақтансаң – сақтармын» деген сөз бар. Бейбіт күні алақандай Атырауда 38 адамды жоғалту – бұл қасірет. Демек, жол бойындағы қауіпсіздікке тәртіп сақшыларының тасжолдардағы қырағы­лықты күшейтуі, камералар орнатуы жеткілікті емес. Жүргізуші де, жолаушы да қауіпсіздікке жауапты екенін сезінген кезде ғана апаттың алдын алуға мүмкіндік туады...

Баян Жанұзақова,
Атырау облысы

фото: egemen.kz