Үш ауысымды мектептер саны түбегейлі жойылады.
Шымкентте 50 мектеп пен 10 қосымша оқу ғимараты салынады
1,214
оқылды

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Мәдәліұлы Нарымбетов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне  партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындауға бағытталған қалалық Жол картасын таныстырды.

Халықтың өмір сапасын көтеруге, табысын еселеп, өмір сүру жағдайын жасап, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының қолжетімділігін арттыру, экологиялық ахуалды жақсартуды көздеген бағдарламаны орындауға жетелейтін Жол картасы 4 басымдық, 100 тармақ, 452 индикаторлық бағыт пен 43 245 нақты іс-шараларды қамтиды. Жол картасы – бұл сайлауалды бағдарламаның әрбір тармағы бойынша көрсеткіштерді, мерзімін және орындаушылары көрсетілген нақты іс-қимыл жоспары. Бағдарламада қаланы дамытудағы өзекті мәселелердің шешілу жолдары белгіленіп, осындай бірнеше бағытқа топтастырылған.

«Қалалық сайлауалды бағдарламамыз тұрғындарды алаңдататын өзекті мәселелері басшылыққа алынып, 10 мыңға жуық өтініштерді зерделей келе дайындалды. Сонымен бірге, сайлауалды науқан кезеңінде үміткерлеріміз қоғамдық қабылдау мен көшпелі кездесулер өткізіп, нәтижесінде 2581 ұсыныс-тілек келіп түсті. Аталған өтінімдер назарға алынып, Жол картасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Әлі де алдағы уақытта Жол картасына тұрғындардың ұсыныстары мен тілектері келіп түсіп жататын болса, депутаттық сауалдар арқылы жүзеге асыратын боламыз», – деді Бахадыр Мәдәліұлы. 

Жол картасына сәйкес, қалада 90 мың жұмыс орны ашылады, кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 230 мың адамнан асады, жастар жұмыссыздығының деңгейі 3,2%-ға дейін төмендеп, 18 медициналық мекеме, перзентхана және көпбейінді аурухана ашылады, 50 мектеп пен 10 қосымша ғимараттар салынады. Үш ауысымды мектептер саны түбегейлі жойылады. 

Жол картада инфрақұрылым жүйесін жақсарту мәселесі де шет қалмаған. Атап айтсақ халықты тұрғын үймен қамту мақсатында бес жылдың ішінде 5,5 миллион ш.м. тұрғын үй салынады. Халықтың әлеуметтік осал тобындағы азамат мен жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген.   

2027 жылы мегаполистің барлық тұрғын алаптары таза ауыз сумен 100% қамтамасыз етіледі.  Сондай-ақ, партия қала тұрғындарының сапалы электр энергиясына, табиғи газға қол жеткізуін қамтамасыз етеді деген жоспар бар. 

«Барлық талап-тілектердің орындалуын бақылауға алу үшін фракция мүшелері бекітіліп, тұрғындармен кездесудің кестесі жасақталды. Дегенмен, халықпен жүйелі түрде кездесуді ұйымдастырып, көшпелі отырыстардың санын арттыруға назар аударамыз. Жұмысымыздың сапалы әрі дер кезінде орындалуы үшін ауыл билері мен жергілікті белсенді тұрғындармен тығыз байланыс орнатамыз.  Әр тұрғынның өтініші партия назарында болады», – деді төраға.  

Брифингті қорытындылаған партия филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов көздеген нәтижеге қол жеткізу үшін Жол картаны іске асыруға партияның барлық әлеуеті жұмылдырылатынын атап өтті.