Желіде аттестатын қоқыс жәшігіне лақтырған түлектердің видеосы тарады.
Түлектер аттестатын қоқысқа тастаған: министрлік пікір білдірді
22,669
оқылды

Желіде аттестатын қоқыс жәшігіне лақтырған түлектердің видеосы тарады. Оқу-ағарту министрлігі өкілдері бұл жағдайға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Бұл видео Instagram-парақшалардың бірінде пайда болды. Онда бірнеше түлектің аттестатты қоқыс жәшігіне лақтырып жатқаны, тағы бір түлектің мектеп бітіру кешінде сахна үстінде аттестатын бірден лақтырып жібергені көрінеді. 

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мереке Амангелдіқызы бұл видеоға қатысты пікір білдірді. 

"Қазір бұл видеодағы түлектерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осындай деректердің алдын алу мақсатында білім бөлімдеріне оқушылармен, түлектермен  және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде ұсыныстар берілді. Тағы бір ескертетін жәйт, орта мектепті бітіргеннен кейін түлек - іс-әрекетіне өзі жауап беретін жеке тұлға", – деді ол.

Желі қолданушылары мұндай оқушыларды сынап, түрлі пікір қалдырған. 

"Мұндай оқушыларды мектептен қуып, еш жерге оқытпай, ата-анасына қатаң ескерту жасау керек! Мектеп басшысы мен сынып жетекшілеріне сабақ болатындай шара қолдансын. Елдің ертеңі деген жас ұрпақ өзінің ұстазын, мектеп пен тілін сыйламаса, ұлттың болашағы бола алмайды! Көзі көрген, ата-анадан тәрбие алған, дені дұрыс бала бұлай жасамас еді!", "Ата-ана қазір балалардың сөзін сөйлейді!", "Міндетті түрде айыппұл салынып, ата-аналарын жазаға тарту керек. Бәрі де тәрбиеге келіп тіреледі. Кешірім сұрап, өтірік көз жас төгу керек емес", "Мәдениетсіздіктің ең сорақы көрінісі! Осындай видеоның қаралымын көбейтіп, лайк басып құтыртатын өзіміз!" деп жазған олар.