1 маусымнан бастап ел аумағында «Қарасора» іс-шарасы өтіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Қарасора»: бір айда 221 қылмыс анықталды
1,138
оқылды

Мақсат – есірткі тасымалына тосқауыл қою. 

Polisia.kz-тің дерегінше, «Қарасораға» ІІМ, Ұлттық ұлан және Қорғаныс министрлігінің арнайы бөлімшелері жұмылдырылды. Өткен жылдан бастап дрон да қолданылады. Ғарыштан бақылау үшін «Қазақстан ғарыш сапарының» да мүмкіндігі пайдаланылады. 

«Қарасора» арнайы операциясы өткен бір ай ішінде полицейлер 221 қылмысты анықтады. Оның ішінде: 83 өткізу фактісі, 29 аса ірі мөлшерде есірткіні заңсыз сақтау фактісі, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 82 фактісі. 4 есірткі зертханасы анықталды. Заңсыз айналымнан бір тоннадан астам есірткі тәркіленді. Оның ішінде 614 кг марихуана, 29 кг гашиш, 4 кг синтетика және шамамен 1 кг героин», – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев. 

Осылайша, Жамбыл облысында 232 келі марихуана дайындаған жергілікті тұрғын ұсталды. Тұрғылықты жерін тінту кезінде сарайда салмағы 24,5 кг гашиш және 12 кг кептірілген марихуана салынған қап табылды. 

Қостанай облысында Рудный қаласының тұрғынынан 2,5 кг гашиш тәркіленді. Есірткіден басқа ұсталған адамнан жауынгерлік тапанша, аңшылық шолақ мылтық, 200-ден астам патрон, теңге және АҚШ доллары түрінде қомақты ақша табылды. 

Түркістан облысында екі есірткі алқабы, оның ішінде 10 600 түп апиын көкнәрі және 840 түптен астам қарасора өсімдігі жойылды. Өсімдіктің жалпы салмағы – шамамен 230 кг. 

Алматы облысының Қонаев қаласында салмағы 50 кг-ға жуық бір мыңнан астам түп қарасора өсірген жергілікті тұрғын тұрғылықты жері бойынша ұсталды. 

Алматы қаласында Жамбыл облысы Шу ауданының екі тұрғыны ұсталды. Олар өткізу мақсатында салмағы 90 кг марихуана және 2 кг гашишті қалаға әкелген. 

Екібастұз тұрғынынан қарасора өсіруге арналған құрылғы екі “grow box” және отырғызылған қарасорасы бар 11 ыдыс тәркіленді. Жалпы салмағы 40 кг болатын құрамында есірткі бар өсімдіктердің 110 түбі дәлел ретінде алынды.