Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
БҚО-да көші-қон заңнамасын бұзған 159 азамат анықталды
939
оқылды

БҚО-да 19-25 маусым аралығында «Заңсыз келуші – 2023» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр, – деп хабарлайды inbusiness.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Іс-шара басталғалы 3 күннің ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 159 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 85 шетелдік азамат республика аумағында болуы ережесін бұзған, ал 63 ҚР азаматы шетелдіктерді қабылдап, уақытында полиция қызметкерлеріне хабарлама түсірмеген. 

Қазақстан Республикасының 63 азаматы ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы 1-бөлігі (Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша, сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін заңсыз жұмысқа тартқаны үшін 11 облыс азаматы анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы 1-бөлігі (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған 22 шетелдік азамат қабылдап-тарату орталығына орналастырылды. 

Сот шешімімен, елден тыс жерге тіркеу мерзімі өтіп кеткен 9 шетелдік азамат мәжбүрлі түрде шығарылды. Іс-шараны өткізу барысында БҚО ПД полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып 2 жылдан астам уақыттан бері Атырау облысында визасыз тұрған және құрылыс алаңдарында жұмыс істеген Түркия елінің 48 жастағы азаматын анықтады. Ол бірнеше күн бұрын Орал қаласына тойға келген кезде ұсталды. 

Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, ел аумағынан шығару туралы соттың шешімі шығарылды. Орал қаласында ішімдікке масаң күйде болған Ресей Федерациясы азаматтарының басқаруындағы 2 автокөлік тоқтатылды. Оларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.