Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, айыппұлын төлемеген жүргізуші Атырау – Ақтөбе бағытындағы жолда ұсталған.
«Патрульдік полиция басқармасының қызметкерлері жергілікті уақытпен сағат 16.30 шамасында Kia маркалы автокөлікті тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде 1968 жылғы тұрғынның осы кезге дейін төленбеген 52 айыппұлы бары анықталды. Айыппұлдың жалпы сомасы 1 млн 152 мың теңгені құрайды. Сол себептен жүргізушінің көлігі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 785-бабына сәйкес, Мақат аудандық ішкі істер бөлімінің арнайы тұрағына жеткізілді», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жүргізуші айыппұлдың жинақталып қалғанынан хабарсыз екенін айтқан. Ол шетелде тіркелген көліктер туралы ақпарат «Сергек» камерасы арқылы тіркелетінін білмегенін жеткізген.
«Тұрғындардың дені заңды толық білмегендіктен құқық бұзады. Бірақ бұл оларды жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан тұрғындарға, әсіресе көлік жүргізушілеріне автокөлікті сатып алу кезінде құжаттарының дұрыстығын тексеру қажеттігін ескертеміз», – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.