Бұл сауалға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және Пәтуа бөлімі төмендегіше жауап берді.
Дүниеден өткен адамның атынан құрбандық шалуға бола ма?
5,359
оқылды

Күллі мұсылман баласы үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесі жақындап келе жатыр. Бұл мерекенің негізгі шарты шамасы жеткен адам Алла разылығы үшін құрбандық шалуы керек.   Осы құрбандық мәселесіне қатысты қоғамда түрлі сұрақтар болып жатады. Соның бірі марқұм болған адамның атынан құрбандық шалса бола ма? Бұл сауалға  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және Пәтуа бөлімі төмендегіше жауап берді. 

«Дүниеден озған адамның атынан сауабын бағыштау ниетімен құрбандық шалуға болады. Бірақ құрбандық шалуға міндеттелген адам ең әуелі өз атынан құрбандық шалуы тиіс.Әли (Алла оған разы болсын) екі құрбанның біреуін өзінің, екіншісін Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) атынан шалатын. Мұның себебін сұрағандарға ол: «Алла Елшісі кеудемде жаным бар кезде Өзі үшін құрбандық шалуымды өсиет етіп кетті» , – деп жауап берген екен.

Өлген адам үшін құрбандық шалғысы келген адам мұны Құрбан айт күндері шалуы керек. Құрбандықтың етінен құрбандық шалған адамның өзі және басқалар да жесе болады», – деді ҚМДБ өкілдері. 

Сондай-ақ  егер құрбандық шалуды қайтыс болған адам өсиет етсе, бұл құрбанның етін мұрагерлері жей алмайды, бәрін түгелдей кедейлерге таратып беру керек.

Айта кетейік, биылғы Құрбан айт мерекесі 28-30 маусым күндері деп белгіленді.  

Фото: turkystan.kz

 

                                                              Нұрболат Адырбек, Алматы