Жиын барысында Жол картасы бағдарламасы аясында электрмен жабдықтау іс-шарасының жүзеге асырылу барысы қаралды.
Қызылордада электр желілері жаңғыртылады
1,218
оқылды

Қызылордада «AMANAT» партиясы  облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму  жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы өтті. Жиын барысында Жол картасы бағдарламасы аясында электрмен жабдықтау іс-шарасының жүзеге асырылу барысы қаралды.

Жиынға қатысқан облыстық  партия филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Алтынбек Жарылқасынов кеңестер партияның негізгі диалог алаңдары екенін атап,  аманаттықтардың алдында тұрған бірқатар маңызды міндетті жеткізді.

Жалпы,  бүгінде өңірде электрмен және жылумен жабдықтау желілерінің тозуы жоғары. Осыған байланысты алдағы 5 жылда  электр желілерін қайта жаңғырту бойынша 3 жоба жүзеге асырылмақшы. Атап айтқанда, Жаңақорған кентіндегі 10/0,4 кВ электр желілік жүйені жаңғырту, Сырдария ауданы, Шаған ауылдық округінің тұрғын аймақтарын электрмен қамту және Шиелі кентінде 220/35/10 кВ «Шиелі» ҚС қайта жаңғырту» жобалары қолға алынатын болады. Бұл жұмыстардың нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 69 пайыздан 65 пайызға дейін төмендету көзделуде.

Негізінен аймақтық Жол картасының 2,4 бөлігі, 63 тармағында 918,17 шақырым электр желілеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Нәтижесінде, осы күнге дейін 100,7 шақырым желі жөндеуден өткізілген. Бұл жайында облыстық  Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Олжас Исмалаев мәлімдеді.

«Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ тарапынан 738 шақырым электр желілерінің бағаналарын күрделі жөндеу, 355 шақырым электр желілерінің бағанасына ағымдағы жөндеу, 55 дана әртүрлі кернеулі қосалқы стансаларға күрделі жөндеу, 44 дана қосалқы стансаларға ағымдағы жөндеу жұмысы жоспарланды. Бүгінге дейін жоспарлы жұмыстардың 34 пайызы орындалып отыр», – деді Олжас Исмалаев.

Басқарма басшысы орынбасарының мәлімдеуінше, өңірде электр жүйелерінің тозу деңгейін 30 пайызға төмендету үшін 153 млрд теңге қаржы қажет. Өткен жылы облыстық бюджет есебінен 548 млн теңге бөлініп, «КРЭК» АҚ-ның жарғылық капиталы ұлғайтылған. Қызылорда қаласының 35/10 кВ-лық «Силикатная», «Промышленная» және «Комсомол» қосалқы стансаларындағы күштік трансформаторлар ауыстырылған. Сонымен қатар жыл басында облыстағы жөндеуді қажет ететін электрмен қамту нысандары анықталып, жаңғырту-жөндеу, ауыстыру жоспары жасалған. Оның бірінші кезеңіне облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржыға кернеулігі 10/0,4 кВ 35 қосалқы станса ауыстырылып, 27 дана кірпіштен жасалған ескі күштік трансформатор күрделі жөнделген және 32 шақырым желі ауыстырылмақ.

Басқосуда кеңес құрамына өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар  кеңес мүшелері тарапынан түрлі ұсыныстар ортаға салынып, хаттамаға енгізілді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы