Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді.
Мемлекеттік білім беру гранттарының тізімі жарияланды
15,621
оқылды

Жоғары білім берудің барлық деңгейлері бойынша 2023-2024 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлу тізімі жарияланды. Биыл жоғары оқу орындарында оқу үшін 88 мың грант бөлінген, – деп хабарлады ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі. 

Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 18 744 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 12 560 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 7 388 грант тиесілі.

Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген. «Серпін» жобасы арқылы 4 даярлау бағыты бойынша білім алуға болады. Атап айтсақ, педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады. Айта кетсек, оқу бітіргесін грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылды. Сондай-ақ бұрын мамандар өзі оқыған аймақта ғана грантты жұмыспен өтейтін болса, енді 11 аймақта қызмет ете алады.

Жалпы, бакалавриатқа түсу үшін 2023-2024 оқу жылында 73 мыңға жуық грант бөлінді.

????«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, барлық гранттың 60% техникалық мамандықтарға бөлінді. Сонымен қатар биыл халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді. Талапкерлер берілген ақпарат негізінде дұрыс таңдау жасайды деп сенемін»,  – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Магистратураға түсуге 13 мыңнан астам, докторантураға түсуге 1 800-ден астам грант бөлінген.

2023-2024 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлудің толық тізімі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының сайтында келесі сілтемелер бойынша жарияланған:

Баклавриат http://www.testcenter.kz/press-tsentr/novosti/detail.php...

Магистратура http://www.testcenter.kz/press-tsentr/novosti/detail.php...

Докторантура http://www.testcenter.kz/press-tsentr/novosti/detail.php...