Приозерск гарнизонында орналасқан 06708 әскери бөлімінің «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубы 2017 жылдың күзінде ашылған.
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда
1,097
оқылды

Биылғы еліміздегі ұйымдастырылған республикалық «Айбын-2023» әскери-патриоттық жастар жиынының бір ерекшелігі өз еліміздің жас сарбаздарынан бөлек, Кавказ тауынан келген Әзербайжан Республикасының жас өрендері мен көрші Өзбекстан Республикасының жас буын ұлдары мен қыздары қатысқандықтан, халықаралық деңгейде өткені зор қуаныш болды. Осы бір асқан ұйымшылдықпен өткен жиында Қазақстан  Қарулы Күштерінің «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің намысын қорғаған «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубы аса тыңғылықты дайындықпен келгендіктерін көрсетті. Әсіресе, клуб тәрбиеленушілерінің қатарынан Диана  Мусатаева автоматты атыс қаруын бөлшектеу және жинау сайысында алдына жан салмады.

    Приозерск гарнизонында орналасқан 06708 әскери бөлімінің «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубы 2017 жылдың күзінде ашылған болатын. Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагері, Қазақстанның Құрметті азаматы Тілек  Кенжебеков жетекшілік ететін клуб тәрбиеленушілері 2018 жылдан бері республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына үзбей қатысып келеді. Сол жылдардан бері клуб тәрбиеленушілері қатарынан 2018 жылы Алтынай Қаланбай жеңіс тұғырының биігіне үш рет көтерілсе, 2020 жылы Сәулет Исаев оқуда үздік танылып, мектепті «Алтын белгі» төсбелгісімен тәмамдады. 2021 жылы Дулат Дүрназаров пен Ардақ Есиргеев Шучинск қаласының Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусына оқуға түссе, 2022 жылы клубтың алғашқы капитаны болып саналатын Нұрхан Алшымбеков Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарып, өз үйіне аман-есен оралады. Сол игі жолды үзбей жалғастырушы Диана Мусатаева «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының құрамында биылғы ІХ халықаралық «Айбын-2023» әскери-патриоттық жастар жиынында қыздар арасындағы автоматты атыс қаруын бөлшектеу мен жинау сайысындағы алғашқы бөлшектеу түрінен 7 секунд көрсеткішпен тұғырдың биік сатысына көтерілді.      

    Өрімдей жас қыз Диана Мусатаеваның клуб қатарына қосылғанына екі жылдан асып барады. Өзі 2022-2023 оқу жылын табысты аяқтап, Қарағанды облысының Білім басқармасы Приозерск қалалық білім бөлімінің «№1 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 10-сыныбына көшті. Алдымен, Мусатаевтар отбасындағы Индира Сырлыбайқызы анасының тәрбиесімен бойжетіп өсіп келе жатқан 2 қыздың үлкені Жасмина 2020 жылы клуб қатарына қабылданып, сол жылы онлайн режиміндегі ұйымдастырылып өткізілген Республикалық «Айбын-2020» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысады. Өзінен үлкен Жасмина әпкесінен үлгі алып, 2022 жылы Диана жас сарбаздарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісінің білікті маманы Тілек Кенжебеков жетекшілік ететін «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубына бірден қабылданады. 14 жасқа енді толған Диананың алғырлығы мен шапшаң қимылын бірден байқап қалған клуб жетекшісі Тілек Алшымбекұлы былай деп еске алады: «Диана Мусатаева біздің клуб тәрбиеленушілерінің қатарына қосылған алғашқы күнінен бастап, бірден іске кірісіп кеткені есімде. Айтқаныңды екі етпей, көрсеткеніңді ұмытпай есінде сақтап алатын жақсы қасиеттері бар. Болашағынан зор үміт күтетін болғандықтан, Диананы сенімді түрде республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына қалдырмай, апару керектігін алға қойдым».

     Өткен жылы республикалық «Айбын-2022» әскери-патриоттық жастар жиынында Диана тек қыздармен бірге денені арқаға жатып көтеру сайысында бағын сынап көрген болатын. Сол тартыста «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының қыздары командалық есептегі қолда бар жеңісті уыстарынан жіберіп алған болатын. Дегенмен де  Диананың клуб құрамындағы құрбысы Назгүл Байназар берілген мүмкіндікті жіберместен, жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлап қайтқан еді. Құрбысы Назгүлдің сол жеңісіне қарап тұрып, «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының жетекшісі Тілек Кенжебековке жақын Диана Маратқызы: «Ағай, мен алдағы жылы тағы келем, қайтсем де жеңіске жетем»  деп өзінің уәдесін берген болатын. Енді ғана бойжетіп келе жатқан қаршадай қазақ қызының бойындағы албұрт сезім алдасын ба?!.... Мектеп оқушысы бола тұрса да уәде берген Диана Мусатаева сөзінде тұрды. Тынымсыз дайындықтың арқасында жеңіске жетті. Жетекші Тілек Алшымбекұлының айтқанын екі етпеген қыздар тобы алдымен денені арқаға жатып көтеру сайысында жүлделі екінші орынды иеленсе, келесі кезектегі автоматты атыс қаруын бөлшектеу мен жинаудан қыздар арасында топ бастап, алдарына жан салмады. Осы жеңіске жету жолындағы Диана Мусатаеваның клуб қыздарын алға жетелегеніне зор баға бере аламыз.

     «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілерін отансүйгіштікке баулу мен оларды  республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысуға дайындаудағы клуб жетекшісі Т.Кенжебеков бастаған клуб жетекшісінің көмекшісі 06708 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі кіші сержант Б.Абдикадиров пен Қарағанды облысының Білім басқармасы Приозерск қалалық білім бөлімінің «№1 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің алғашқы әскери және технологиялық дайындығы пәнінің оқытушысы Е.Умирзаховтың атқарып келе жатқан қызметтері орасан зор.

    Осындай ұйымшылдықпен  алдағы уақытта да Қазақстан  Қарулы Күштерінің «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері 06708 әскери бөлімінің «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатарында Диана Мусатаева сияқты көшбасшылары барда әлі талай биіктерді бағындыра беретіндері сөзсіз. Тек сәттілік жолдас болсын!

 

Думан ЖҰМАЩҰЛЫ, Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы,

лейтенант