Бұл туралы Павлодар сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Павлодарда "Қазпошта" қызметкері сотталды
951
оқылды

Таратылған хабарламада 2023 жылғы 5 шілдеде Павлодар қаласының №2 соты "Қазпошта" АҚ облыстық филиалы директорының өндіріс жөніндегі орынбасарына қатысты оның ақша түріндегі пара алу фактісі бойынша қылмыстық істі қарағаны айтылған. 

Сот анықтағандай, 2023 жылдың қаңтарында "Қазпошта" АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының өндіріс жөніндегі орынбасары заңсыз баю мақсатында азаматқа автокөлiк басқармасының аумағында орналасқан автомобиль боксының шатырын жөндеу бойынша атқарылған жұмысты кедергісіз қабылдағаны үшін ақшалай сыйақы аударуды ұсынған.

Артынша күдікті 2 миллион теңге пара алып жатқан жерінде қолға түсті. Сотталушы өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Қорғаушы жеңілдететін мән-жайларды ескеруді сұрады.

"Жауапты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, жас балалардың болуын, 3-топтағы мүгедектігін, алғаш рет қылмыстық құқық бұзушылық жасауын ескере отырып, сот орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – деп хабарлады Павлодар сотының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар сотталған азамат өмір бойына мемлекеттік қызметте, судьяларда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және тағы басқа лауазымдарды атқару құқығынан айырылады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

фото:inbusiness.kz