Тимур Құлыбаев 2015 жылдан бастап АОК-тың Орталық Азия өңіріне төрағалық етеді.
Тимур Құлыбаев Азия Олимпиада кеңесінің вице-президенті болып қайта сайланды
915
оқылды

​Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев 2023-2026 жылдар аралығына Азия Олимпиада кеңесінің (АОК) вице-президенті болып бірауыздан қайта сайланды.

Таиланд астанасы Бангкокта Азия Олимпиада кеңесінің 42-ші Бас ассамблеясы өз жұмысын аяқтады. Күн тәртібінде АОК Президенті мен атқару комитетінің мүшелерін және АОК-тың тұрақты комиссияларының төрағаларын сайлау болды. Дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев 2023-2026 жылдар аралығына АОК-тың вице-президенті лауазымына қайта сайланды.

Тимур Құлыбаев 2015 жылдан бастап АОК-тың Орталық Азия өңіріне төрағалық етеді, ал 2019 жылы ол осы лауазымға қайта сайланды. Сонымен қатар ол Ұлттық Олимпиада комитеттері қауымдастығының вице-президенті және ХОК-тағы Олимпиада 365 (Olympism 365) комиссиясының мүшесі.

АОК Бас ассамблеясында өткен жылдың қорытындысы шығарылды. Ханчжоу-2022 Жазғы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің (Hangzhou 2022 Asian Games) дайындық барысы туралы қорытынды есеп, сондай-ақ жаңартылған Олимпиадалық ынтымақтастық бағдарламасы (Olympic Solidarity) ұсынылды.

Азия Олимпиада кеңесі – Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) мойындаған Ұлттық Олимпиада комитеттерінің бес континенттік бірлестіктерінің бірі, қазіргі уақытта 45 мемлекетті біріктіретін Азия елдеріндегі Олимпиада қозғалысының басқарушы органы. Ұйым АОК-ға мүше елдердегі Олимпиадалық қозғалыстарды үйлестіріп, басқарып отырады, үнемі жазғы және қысқы Азия ойындарын, жағажай спорт ойындарын және жабық ғимараттағы ойындарды өткізеді. АОК Азия және өңірлік ойындарды, сондай-ақ халықаралық жарыстарды өткізуге жәрдемдесумен қатар, оның мүшелері мен тиісті тараптарда туындауы мүмкін проблемалар мен дауларды шешуде уәкілетті орган болып табылады. АОК-тың штаб-пәтері Кувейтте орналасқан.