Бүгін елордада «Өзгермелі әлемдегі Азия: Болашақтың күн тәртібі» тақырыбы бойынша Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы басталды.
Еркін Тұқымов: Болашақтағы Азияның жағдайы әлемнің жағдайына ықпал ететіні түсінікті
993
оқылды

«Өзгермелі әлемдегі Азия: Болашақтың күн тәртібі» тақырыбы бойынша Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты және Сыртқы істер министрлігінің бірлесіп ұйымдастыруымен өтті.  Оған Азия елдерінен келген 60-тан астам сарапшы қатысып жатыр.

Шара барысында Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумның қатысушыларына арналған  хатын оқып беріп, қазіргі күрделі жаһандық жағдайда сарапшылар қауымдастығымен тікелей әрі ашық диалог орнату аса қажет екенін сөз етті.

Біздің әлемнің ешқашан тыныш болмағаны белгілі. Қазір бетпе-бет келіп отырған мәселер белгілі бір деңгейде қауіп төндіруі мүмкін. Осыны ескере отырып, Қазақстан көпвекторлы, сындарлы саясатты жалғастырып келеді. Сондай-ақ, біз Біріккен ұлттар ұйымының жарғысында және халықаралық құқықта бекітілген құндылықтар мен қағидаларды берік ұстанамыз. Қазақстан өз тарапынан Азияның ұзақ мерзімді және тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды көтеріп отырады. Мысалы, біз Орталық Азияны көлік-логистикалық торабына айналдыруға ұмтылмақпыз. Соның арқасында солтүстік-оңтүстік және шығыс-батыс бағытындағы трансқұрлықтық көлік дәлізін, соның ішінде Транскаспий көлік маршрутын дамытуды қолдаймыз және жалғастырамыз», - деді Мұрат Нұртілеу.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовтың айтуынша, форумға көптеген сарапшы жиналғанын айтты.

  Бүгінгі форум 25 елден 60 көшбасшысының басын бір мақсатта біріктіріп отыр. Яғни аймақтық қауіпсіздікті дамыту және идеяларды бөлісу, жаңа шешімдерді табу. Орталық Азия қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, экономикалық, технологиялық жетістіктері бар, сонымен бірге геосаяси бағытта да үлкен мәнге ие. Қазіргі кезеңде «Азия ғасыры» басталды. Жер халқының шамамен 69 пайызын Азия құрайды. Азия - ең көп қоныстанған құрлық. Бүгінгі күні «азиялық болу» инновациялық, ашық болу дегенді білдіреді. Болашақтағы Азияның жағдайы әлемнің жағдайына ықпал ететіні түсінікті. Сондықтан осы форумды өткізіп отырмыз, - деді Еркін Тұқымов.

ҚСЗИ директоры назарымызды қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа арнай отырып, дәстүрлі және дәстүрлі емес қауіпсіздікті де естен шығармау керегін сөз етті. 

Осы орайда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Терроризмге қарсы комитетінің атқарушы директоры Наталья Герман Қазақстанның шиеленіс аймақтарынан өз азаматтарын алып шығуға ұйымдастырған «Жусан» гуманитарлық арнайы операциясы өзге мемлекеттерге үлгі екенін айтты.

«Қазақстан әлем елдері арасында алғашқылардың бірі болып шет елдердегі шиеленіс аймақтарынан өз азаматтарын шығарған мемлекет. «Жусан» арнайы операциясын ұйымдастырып, Сириядан қазақстандықтарды алып шыққанын әлем елдері біледі. Қазақстанның бұл бастамасы қақтығыс аймағынан өз азаматтарын шығармаған өзге шет мемлекеттер үшін үлгі, мол тәжірибе. Қазір терроризимнен төнетін қауіпке жеке емес, тек елдердің бірлескен күш-жігері арқасында төтеп бере аламыз. Бұл бағытта БҰҰ өз жұмысын жалғастырып, Орталық Азия елдерімен серіктестікте болады», - деді Наталья Герман.