Атырау облысында екі жұмысшы кәріз құдығын жөндеп жүріп мерт болды.
Қайғылы оқиға бүгін, 13 шілдеде Жылыой ауданындағы Жаңа Қаратон кентінде болған. Бұл деректі «Жылыой Су» мекемесі растады.
«Бүгін Жылыой ауданында жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде «Жылыой Су» мекемесінің 2 жұмысшысы кәріз құдығында қаза тапты. Атырау облысының Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы осы жағдайды тексеру бойынша арнайы комиссия құрды», – деп хабарлады коммуналдық мекемеден.
Жылыой аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Нариман Өтешовтің сөзінше, жұмысшылардың құдыққа құлағаны туралы хабар сағат 9.42-де түскен. Хабарды Жаңа Қаратон кентінің тұрғындары жеткізген.
Кәріз құдығының тереңдігі – шамамен 7-8 метр. Екі жұмысшы жөндеу жүргізу кезінде құдыққа құлап кеткен. Негізінен жөндеу жұмысына 5 адамнан тұратын бригада тартылған.
«Жылыой Су» мекемесі қаза тапқан жұмысшылардың отбасына материалдық көмек көрсетеді.