Спортшының сөзінше, 10 жыл бойы пәтер жағалап жүрген
Боксшы Еркебұлан Шынәлиевке уәде етілген үй берілмеген
867
оқылды

Боксшы Еркебұлан Шынәлиев "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында Бейжің олимпиадасында жүлдегер атанғаннан кейін уәде етілген пәтер берілмегенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Спортшының сөзінше, 10 жыл бойы пәтер жағалап жүрген.

"Бәрі сөйтіп ойлайды, бәрі сөйтіп сенеді. Телеарналарды шақырды. 2008 жылғы Оңтүстік Қазақстан облысының "Жыл спортшысы" атандым. Үлкен іс-шара өтті. Сөйтіп, екі бөлмелі пәтердің кілтін берді. Бірақ бәрі көзбояушылық десем болады. Үйге дейін апарып көрсетті. Нұрсәт мөлтекауданы енді құрылып, салынып жатқан. Екі-үш айдан кейін "пәтер аласың" деп, 1,5 миллион теңге берді. Ол кезде бір бөлмелі пәтердің өзі 7-8 миллион теңге тұратын. 2008-2009 жылдың басында. Не істейміз енді, бергенін алып, "бас аман болсын, талай пәтерді аламыз" деп өз-өзімді жұбатып қойған жағдайымыз бар. Ешнәрсе алмадым. Іс жүзінде "алынды, берілді" деді. Бірақ пәтер алмадым. 10 жылдан асып кетті. Шымкентте отбасыммен бүкіл ауданда пәтерде тұрып шыққан шығармын. Қазір әке-шешемнің қолында ең кішкентай інім бар, сол үй жақта тұрамыз. Қаладан шаршадым, пәтерден-пәтерге. 20 шақты аудан бар шығар, соның бәрінде айына 80 мыңға, 100 мыңға, 60 мыңға тұрып шықтық", - дейді ол.