Атырауда ерекше балаларды ұрып-соққан оңалту орталығының қызметкері 4 жылға сотталды.
Атырау қаласы № 2 сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, сотта балаларды оңалту орталығының қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралған.
«Балаларды оңалту орталығының маманы К-ның міндетіне 45 минутта ерекше балаларды дағдыларға үйрету, мінез-құлығын оңалту кірген. Ол балалар орталығының арнайы кабинетінде кәмелетке толмағандарға жеке сабақ өткізу кезінде кәмелетке толмаған К., Б., А-ға ұдайы ұрып-соғу немесе күш қолдану әрекеті арқылы тән зардабын немесе психикалық зиян келтірген. Сотталушы К-ның кінәсі жәбірленушілердің заңды өкілдерінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен, бейнежазбалармен, іс бойынша басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденді», – деп хабарлады №2 соттың баспасөз қызметі.
Прокурор К-ға 4 жылға мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынған.
Кәмелетке толмаған жәбірленушілердің заңды өкілдері сотталушыдан моральдық залал өндіріп алуды сұраған.
«Сотталушы кінәсін ішінара мойындады. Оның адвокаты К-ның әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігіне (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) қайта дәрежелеуді сұрады. Жаза тағайындау кезінде К-ның бұрын сотты болмағаны, асырауында жас баласының бары ескерілді. Сот К-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігінің 1, 2-тармақтарымен кінәлі деп таныды. Оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.
Сотталушыдан жәбірленушілердің пайдасына 6 млн теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысы өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.